Түркістан – Қазақ хандығының астанасы. Мұхтар Қожа айтқан тарихи дәлелдер

1542

Қасиетті мекен Түркістан қаласы жайлы тың деректер көп-ақ. Сол тың деректердің бір парасы – Түркістан қаласының Қазақ хандығы астанасы болғаны. Тарих ғылымдарының докторы, А. Ясауи атындағы ХҚТУ профессоры Мұхтар Қожа «Түркістан – Қазақ хандығының астанасы» тақырыбында онлайн лекция өтті. Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ұйымдастырған лекцияда белгілі тарихшы «Түркістан – қазақ хандығының астанасы» болғанына көптеген дәлел келтірді.

Түркістанның астана атануы Есім ханнан басталады

Тарихшы: «Ортағасырдағы қазақ хандығы тарихын зерттесек, Түркістанды айналып өте алмаймыз» деп, Түркістан қаласы қай кезден бастап Қазақ хандығының астанасы екеніне, қашаннан бастап Қазақ хандығына бағынышты болғанына тоқталды.

– «Түркістан – Қазақ хандығының астанасы» десек, ең бірінші назар аударатын мәселе: ол қай кезден бастап астана дәрежесіне ие болғаны жөнінде сауал туындайды. Йасы қаласы 10-12 ғасырларда шағын қалашық болған. Кейін дами келе аймақ орталығына айналады. Ал 16-ғасырдан бастап «Йасы қаласы осы үлкен аймақтың астанасы» деген сөз кездесе бастайды. Соның бірі 16-ғасырдың басында Фазлаллах ибн Рузбихан Исфаханидің «Михман наме-йи Бухара» атты еңбегінде «Йасы қаласы үлкен иеліктің, Түркістан аймақтарының астанасы» деп жазылған. Екінші деректе Осман тарихшысы ал-Кафави, (1582ж қайтыс болған) 16-ғасырда жазған еңбегінде «Йаси, – бұл Түркістан патшасына туыратын орын. Бұл қаладан ас-шайх ас – саййид Ахмад ал-Йасави, …Оның моласы сонда қадірленеді, зиярат жасалынады» деп жазып кеткен.
Бұл – Қазақ хандығына дейінгі Түркістан қаласының астана дәрежесінде болғанын көрсететін айғақтар.
Көп тарихшыны қызықтырар тағы бір мәселе: ол – Түркістанның қашаннан бастап Қазақ хандығына бағынышты болғаны, солардың иелігіне қашан толық өткені.
Мұнда мына жайтты айтқым келеді. Жалпы Сырдың орта ағысы аймағы уақытында Ақ Орда хандарының иелігіне тиесілі болған. Өтеміс қажының «Шығыснама» еңбегінде, Қадырғали Жалайырдың еңбектерінде «Орыс хан билік етті» деген деректер кездеседі.
Орыс хан, өздеріңіз білетіндей, қазақ хандығының арғы бабасы. Кейін қазақ хандығы Жетісу аймағына барып, кетуге мәжбүр болғаннан кейін бұрынғы тұрған аймағын қайта иеленуге келген.
Мысалы, Темірліктермен, өзбек ұлысы, ақ ордалықтар арасында соғыс болып жатқан кезде Орыс ханның баласы Барақ бұл жер – бабаларының жері екенін және түрлі қоныстар салғанын айтып, осы аймақты қайтарып беруін талап еткен.
Қазақ хандары орныққаннан кейін көп уақыт өтпей Түркістан аймағын қайтаруға әрекет еткен.
«Түркістан қашаннан бастап қазақ хандарына бағынышты болды» деген сауалға қайта келер болсақ, А. И. Добросмысловтың 1912 жылы жарық көрген еңбегінде Түркістанда хандық құрғандардың тізімін келтіреді: Есім, Жәңгір, Батыр, белгілі заң шығарушы Тәуке, Қайып, Болат, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай.
Осы пікірге негізделіп, «Түркістанның Қазақ елі астанасы ретінде тарихта орын алуы Есім ханнан басталады» деп саналады. Бұған Орта Азияның айтулы тарихшысы, Хиуаның болашақ ханы Әбілғазының Түркістандағы Есім хан ордасын паналауын куәға тартамыз. Хиуа ханы, атақты тарихшы Әбілғазы Бахадүр хан:
«… мен қазақ ішіне кеттім. Түркістанда Есім хан қасында үш ай тұрдым. Ол уақытта қазақтың ханы Тұрсын хан еді, ол Ташкентте тұратын еді, Түркістанға келді. Есім хан оны көре барды, мені есік алдына қойып, өзі барып Тұрсын ханға көрініс қылып, қайта келіп, мені қолымнан жетектеп алып барды. Тұрсын ханға: «Бұл Иадгар хан ұлы Әбу-л-Ғазы, еш уақытта бізге бұл жамағаттан кісі келіп, қонақ болған жоқ еді, бізден барғандар көп болар, бұл Сіздің қызметіңізде болғаны жақсы», – деді. Тұрсын хан: «Жақсы, сенің айтқаның болсын» деп өзімен бірге Ташкентке алып кетті» деп жазады.
Бұл ақпарды сол кезде шамамен 20 жастан асқан Әбілғазы Бахадүр хан жазып кеткен екен. Осы дерекке сүйене отырып, яғни Түркістанда Есім ханның қасында үш ай тұрғанына қарап Түркістанның Есім ханға қарағанын санаған едік,-дейді тарихшы Мұхтар Қожа.

Қазақ хандығына тиесілі екенін айғақтар құлпытас

Осы тұста «Түркістан 16-ғасырда қайда қарады» деген сауал туады. Мұхтар Қожа арнайы деректерді келтіре отырып бұл сауалға да жауап берді.

– Белгілі шығыстанушылар Н. Атығаев пен З. Жандосова Иранда сақталған Аламара-йи Шах Исмаил Сафави қолжазбасынан «қазақтың ханы Қасым (1509-1521 жылдар аралығында Қазақ хандығын билеген) «мыңдаған қала мен елдімекендер бар» аймаққа өз әкімдерін қояды және ол далалық аймақтың оңтүстігінде, Ташкент пен Баркентке дейінгі аумақты қамтиды» деген мәлімет тапты.
Осы мәліметке қарағанда Йасы қаласы Қасым хан тұсында Қазақ хандығының құрамына енген. 1579 жылы ол қазақ ханы Хақназарға қарағаны туралы мәлімет бар, яғни 16-ғасырда Хақназар ханға қарағаны туралы ақпарлар осында көрсетілген. 16-ғасырда Түркістан Қазақ хандығына тиесілі екенін көрсететін заттық белгілері де бар.
Бұл әрине Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі «Аман бике», яғни қазақтың тұңғыш билеушісінің бірі Жәнібек ханның қызының құлпытасы. Бұл – ерекше құлпытас, себебі қазақ хандары Керей мен Жәнібектің аты тек қолжазбаларда кездеседі. Ал тасқа бейнеленбеген. Бұл құлпытаста «Аман бике – Жәнібек ханның қызы» деп көрсетілген. Жәнібек пен оның әкесі Барақтың аты осы құлпытаста ойылып жазылған. Түркістан қаласында 16- ғасырларда соғылған арнайы теңгелері бар. Бұл теңгелерде «Түркістан қаласында, яғни «Йасыда соғылған» деген жазу бар. Басым көпшілігінде «Йасы» деп жазылады. Кейбір теңгелерде «Түркістан» деген атау көрсетіледі. Тағы бір жазба деректерге сүйенер болсақ, біз Шығайдың кезіндегі оның баласы «Ұзыноқты Ондан» деп аталған ержүрек сұлтан қолбасшы осы Түркістанда жерленгенін білеміз. Міне осындай деректер Түркістан қаласының қазақ хандарының астанасы болғанын тағы бір рет айғақтайды,-дейді ғалым.

Қазақ хандары шығарған алғашқы жарлықтың көшірмесі табылды

Түркістан қаласына қатысты дерек көп. Уақыт өте жаңа деректер де шығып жатады. Мұхтар Қожа Түркістанды «астана» деп білуіміз үшін жаңа қосымша деректер де табылғанын айтады.

– Жаңа деректер Санкт Петербург қаласындағы ескі мұрағаттардан табылды. Мұны үлкен жаңалық санаймыз. Біздің қолымызға мұндай жарлықтар бұрын-соңды тимеген. Бұл – Қазақ хандығынан алғашқы табылған жарлығының көшірмесі. Тәуекел хан Ташкент қаласында һижра бойынша 1006 жылдың құрбан айында, яғни 1598 жылдың шілде, тамыз айында Қожа Ахмет Ясауи мазарының мутаваллиін (шырақшы) тағайындау туралы шығарған жарлығының мәтіні.
Екінші жарлық Тәуекел ханның 1605-1606 жылғы нышаны. Онда Йасының Шайх ал-исламы Шайх Ахметке ағын су сыйлау туралы жазылады. Назар салсақ, Йасы қаласында жазылыпты. Біз бұрын «тек қана Қазақ хандығының кеңселерінде осындай арнайы жарлықтар шыққан екен, болған екен» деп жобалайтынбыз.
Енді сол жарлықтардың мәтіні біздің қолымызға Петербор қаласынан жетіп отыр. Яғни Қожа Ахмет Ясауи кесенесі сынды қасиетті мекендердің шырақшыларын қазақ хандары арнайы жарлық шығарып, тағайындап отырғанына көз жеткіземіз.
Осындай деректің бірі 19-ғасырда атақты Лерх деген шығыстанушы Түркістанға келіп, Қожа Ахмет Ясауи туралы және кесенелер жайлы жазып кеткен. Түркістан аумағына барған іс-сапар есебінде түркістандық шайқы Насрулланың қолында Қожа Ахмет Ясауи ұрпағына берілген артықшылық құжаттар ішінде қазақ ханы Тұрсынның Һижра бойынша 1035 жылғы жарлығы бар екенін атап өтеді. Бұл – Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі дін өкілдеріне қазақ хандары тарапынан артықшылықтар беріп отырғанының тағы бір айғағы.
Тұрсын ханның 1033 жылы, яғни біздің қазіргі жыл санау бойынша 1623 жылы қараша, желтоқсан айындағы нышаны (Нишан), яғни жарлығы. Сол кезде жарлық «Нишан» деп аталған. Камал ад-дина Асад-Шайхты және Му’ мин-Шайхты Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің шайх ал-ислама және (мутавалли) етіп тағайындауына жарлық жазылған жер Йасы деп белгіленген.

Түркістанда Астана деген құрылыс бар

Сұңғыла ғалым Мұхтар Қожа 16-ғасырдағы Түркістанды қазақ хандығының астанасы ретінде көрсететін құнды деректерді санамалап шығып, 17-ғасырдағы деректерді де әңгімеледі.

– Еуропалық ғалым Н. Витсен 17-ғасырдың соңындағы Түркістан қаласының суреттемесін береді. Осы ғалымның жазуынша Тәуке ханның өзі садағын асынып, атқа мініп жәрмеңкені ашуға барғанын айтады. Тәуке ханның үйінің қасында раконда бар. «Ол күйдірілген кірпіштен салынған» деп сол кездегі Түркістанның құрылымынан ақпарат береді.
Н. Витсенді «Қожа Ахмет Ясауи кесенесі жайлы жазған алғашқы еуропалық ғалым» деуге болады. Ол «Түркістанда Астана деген құрылыс бар. Ахмет Ясауи деген киелі адам жатыр. Бұл құрылыстың кей бөлмелері алтындалған» деп Еуропа әлеміне танытып, бабамыз жайлы сипаттама жазған кісі.
Біз көп ақпарды орыс мұрағаттарында сақталған құжаттардан аламыз. Соның бірі – Түркістан қаласы ішіндегі киіз үйлер Қазақ Ордасында 1694 жылы сәуір, шілде айларында болғаны Федор Скибин және Матвея Трошиндер жазған есебінде аталады. Есепте Түркістан цитаделінің оңтүстік-батыс бұрышын қазу барысында үш киіз үйдің астыңғы бөлігін бекітетін тас қаландылар табылды. Мұндай киіз үй негіздері бұдан бұрын Түркістанның археологиялық қабаттарында табылған емес. Бұл Тәуке хан кезінде Түркістанда тек кесектен қаланған құрылыстар ғана емес киіз үйлер де болғанын айғақтайды.
Біз үшін құнды тағы бір дерек – қазақ хандарының ресми астанасы болып табылатын Түркістан қаласының сызбасы. Кейбір деректерде «Бұл сызбаны мистер Шмидт ұсынды» деп жазылған. Бірақ кейбір деректер қателесіп жазылады. Мұнда сол кезде Карл Миллер деген орыс елшісі болған. Сондықтан сызбаны «сол кісінікі» деп санайды. Бұл сызбада Ахмет Ясауи кесенесінің орны үлкен мұнара сынды белгіленіп көрсетілген. Хандардың ордасы, Керуен сарай деген орындар үлкенірек білгіленген. Осы сызбаны Түркістанды зерттеуші Марат Тұяқбаев кейінгі археологиялық сызбалармен салыстырып, қай бөліктер қай жермен тұспа-тұс келетінін көрсеткен. Бұл да бір аса құнды дерекке жатады. Осы деректер де Түркістан – Қазақ хандығының астанасы болғанын айғақтайды.

6 мың би-сұлтан, батырлар қатысқан құрылтай

Түркістанды қазақ хандығының астанасы ретінде көрсететін тағы бір дәлел – сол қалада түрлі басты жиындардың өтуі. Белгілі тарихшы бұл қандай жиындар екенін де айтып берді.

– Орыс деректерінде «Қазақ хандары Түркістанға келгенде оларды қандай салтанатпен қарсы алғаны» туралы жазылған құжат бар. Орыс М. Асановтың 1744 жылы Әбілмәмбет ханды Түркістан тұрғындарының салтанатты түрде күтіп алуын сипаттауынан былай дерек келтірген.
«Әбілмәмбет хан қалаға жақын қалғанда оның алдынан қала халқы түгелімен шықты … Олардың өз әдеттері бойынша жасалған ұзындығы бір саженьнен мыс кернейлерді ойнап, тері қаптаған көзе іспетті қыш дабылдарды ұрды. Бұған қоса ханға үш сиырды әкеліп, өз салттарымен сыртынан айналдырды …»
Қазақ хандарын қақпа сыртынан салтанатты деңгейде музыкамен қарсы алу рәсімдерін өткізгені туралы хабар осы құжаттар арқылы бізге сақталып жеткен. Түркістан қаласы астана болғаны себепті бұдан басқа да түрлі рәсімдер өтіп тұрған.
Деректерге көз жүгіртсек, біз тек Абылай ханды осы жерде бас хан етіп көрсеткенін атап жатамыз.
Ол жерде басқа хандарды да «хан көтеру» рәсімімен көтеру туралы жазба деректер көрсетіп келеді.
Әбілмәмбетті орта жүздің ханы етіп сайлау рәсімі Түркістан қаласында 1737-1738 жылдары өткен. Орыс деректерінде Әбілмәмбетке қатысты манадай мағұлматтар бар:
«сын бывшего Пулат хана и будучи-де он в прошлом году в Туркестане от знатнейших киргиз-кайсацких родов, яко Аргинского, Актайского и Увактерейского и от других удостоен в ханы».
Сонымен қатар 1771 жылы Түркістанда Абылайды қазақтың бас ханы етіп көтеру рәсімі өтті. Оған Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз хандары, сұлтандары, билері, батырлары, «тәшкендіктер мен түркістандықтардың таңдаулы өкілдері» қатысады.
Бұл салтанат Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде болды. Онда құран оқылып, жиналған халық Абылайды ертеден келе жатқан дәстүрге сай ақ киізге отырғызып, жоғары көтеріп үш жүздің ханы етіп жариялады. Осылайша Түркістан астана болғандықтан түрлі жиындар, мәслихаттар өткізіліп отырған. Соның тағы бір мысалы 1743 жылы Орта жүзге тыңшылық мақсатпен барып қайтқан башқұрт Т. Балтасевтың орыс әкімшілігіне берген мағлұматтарына қарағанда Әбілмәмбет хан мен Барақ сұлтан тұтқыннан оралған Абылаймен бірге жоңғар-қазақ қатынастарын талқылаған. 1763 жылы Түркістанда халықаралық жағдай жөніндегі қазақ билеушілерінің кеңесі өтті.
Сонда Қытай империясының Орталық Азия елдерін жаулап алу қаупі төнуіне орай көрші мұсылман мемлекеттерімен, әсіресе Ауғанстан патшасы Ахмет шаһпен бірге әскери одақ құру мәселесі қаралып мақұлданады. Деректер бойынша бұл құрылтайға Әбілмәмбет ханның шақыруымен қазақтың 6 мыңға жуық би-сұлтаны, батырлары қатысқан,-деді ғалым.

Білім-ғылым орталығына айналған Түркістан

Түркістан қаласының қазақ хандығының астанасы болғанына тағы бір дәлел: бұл қала білім мен ғылымның орталығы атанған. Мұхтар Қожаның айтуынша көшпелі қазақ балаларының сауатын ашуда Түркістанның орны ерекше.

– Мысалы 1747 жылғы деректерде «үшінші күні Жәнібек Тарханға отаны Түркістан болып келетін және ордада қазақ балаларын оқытумен айналысатын Бердіш молда келді» деп жазылған. Бұл басқа қалаларға емес осы Түркістанға келуінде мән бар. 19-ғасырдың басында хан болған Тоғайдың інісі Әліақбар сұлтан тапсырысымен 1813 жылы Әбдрахман Өзкенди Түркістан қаласында «Қисса-Дастан Шыңғыс хан» атты тарихи шығарма жазған. Бұл шығарманы ХҚТУ доценті Зікірия Жандарбек қазақ тіліне аударды. Орыстардың Орынбор экспедициясының бастығы И. Кириллов 1734 жылы 11 шілдеде сыртқы істер коллегиясына жазған хатында «Туркестан где была их старинная столица» деп Түркістанның астаналық дәрежесін атап кетеді. Қорыта келгенде Түркістан қаласының 15 және 18-ғасырдағы тарихына қатысты қолда бар деректер бұл қаланың қазақ хандығында ерекше орны барын, шын мәнінде астаналық дәрежеде болғанын көрсетіп тұр,-деп түйіндеді тарихшы Мұхтар Қожа.

Жанерке Хумар

«Оңтүстік Рабат», №31, 30 шілде 2020 ж