15 қыркүйектен бастап ел азаматтарына вакцина салынады

152

Енді Қазақстанда дәрі тапшылығы болмайды. Осылай деп уәде берген Асқар Мамин бүгін Үкімет мүшелерімен тағы да кездесті. Онлайн жиында жағдайдың оңалғанын айтқан Премьер-министр ауруханадағы төсек-орынның 6 есеге азайғанын айтады.

Асқар МАМИН, ҚР Премьер-министрі: «Науқастар санын азайту, емдеу тиімділігін арттыру бойынша нақты шаралар қабылданды. Ауылдық елді мекендерде медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Жедел жәрдем автомашиналары, барлық қажет жабдықтар сатып алынады. Жеке қорғаныс құралдары мен дәрі-дәрмектер қоры құрылды. Тапшылық болмайды».

Ал, еліміздің бас дәрігері болса, 2 млн-нан астам вакцина жеткіздік деп есеп берді. Енді әкелінген тұмауға қарсы бұл екпе ел тұрғындарына 15 қыркүйектен бастап салынбақ. Алдымен асқынған ауруы бар тұрғындарға, кейін педагогтар мен медицина қызметкерлерін егу жоспарланып отыр екен.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі: «Әкімдерге ағымдағы жылдың 15 қыркүйегінен бастап тұмауға қарсы егуді бастау бойынша шаралар қабылдау қажет. Бұдан басқа, ірі жұмыс берушілермен жұмыс берушілердің қаражаты есебінен кәсіпорын жұмыскерлерін тұмауға қарсы егумен қамту бойынша жұмыс жүргізу қажет. Бұл тұмауға қарсы вакцинациямен қамтуды 14%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді»

Оң серпін медицина саласында ғана емес, ауылшаруашылық саласында да байқалады. Ведомства басшысы Сапархан Омаров биыл егін қарқынының жоғары екенін айтады. Өткен жылмен салыстырғанда биылғы астық екі есе артық екен. Осылай деген ауылшаруашылық министрі Ақмола, Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облысында орымның әлдеқайда көп болғанын айтады.

Сапархан ОМАРОВ, ҚР ауылшаруашылығы министрі: «Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар 9,1%-ға ұлғайып, 292 млрд теңгені, тамақ өнімдері өндірісіне салынған инвестициялар 25,4%-ға артып, 54,7 млрд теңгені құрады».

Бұдан бөлек эканомика министрі елдегі құрылыстың қарқынды жүріп жатқанын айтады. Әсіресе құрылысы аяқталған тұрғын үйлер Түркістан облысы мен Шымкент қаласында басым. 8 ай ішінде қос аймақта 8 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.

                                                                                                Назерке Үкібасова