Қоғамда түрлі қылмыстардың дендеп кетпесі үшін тәртіп сақшылары күн түн демей жұмыс атқаруда. Түркістан облысының полицейлері «Стоп-трафик» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде. Соның аясында 4 жеңгетайлық жайттарын анықтады.
Аталмыш шараларды тәртіп сақшылары ұдайы өткізіп тұрады. Мұндай шаралардың негізгі мақсаты — заңсыз адам саудасымен байланысты қылмыстарды анықтау, жеңгетайлық және басқа да құқықбұзушылық деректерінің жолын кесу болып табылады.
Тәртіп сақшылары аталған шара аясында қонақ үйлер мен ойын-сауық орындарын, монша кешендерін және басқа да нысандарды тексерді. Түсінікті де… Өйткені аталған орындарда заңсыз еңбек және жыныстық пайдалану жайттарын жиі кездеседі. Бұл жолғы шараның нәтижесі жаман емес. Қармаққа ілінгендер баршылық. Тәртіп сақшылары жеңгетайлық және притон ұйымдастырып, жезөкшелікпен айналысқан 4 жайтты анықтады.
Қазығұрт ауданында жеңгетайлықпен айналысты деген болжаммен сауналардың бірінің әкімшісі ұсталды. Шымкент қаласының тұрғыны саунада келушілерге интимдік қызмет көрсету үшін жеңіл жүрісті қыздарды сыйақы үшін ұсынған. Осылайша қалта қомпайтудың жеңіл жағын тапқан жеңгетайдың жолы кесілді.
Сарыағаш ауданында жеңгетайдың тағы бір «әріптесі» қақпанға түсті. Ол клиенттердің біріне жеңіл жүрісті қызды шақырып, табыстырған қонақ үйлердің бірінің сауна әкімшісі құрықталды. Ол «түнгі көбелектің» қызметін 8 500 теңгеге бағалапты.
Қазіргі уақытта аталған жайттар ҚР ҚК 309-бабы «Жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе ұстау және жеңгетайлық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер қолхатта. Заттай дәлелдемелер алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Сонымен қатар, тәртіп сақшылары шара аясында профилактикалық есепке 10 жеңіл жүрісті қыздарды қойды. Олар ұдайы бақылауда болады. Алдағы уақытта дәл осы сарындас қылмыстардың жолын кесу үшін мұндай шаралар жалғасын табатын болады.
Айкөз Бекболатова