Қыркүйек айында ауа райы қандай болады?

261
фото Egemen.kz

«Қазгидромет» РМК Қазақстан аумағында қыркүйек айында күтілетін ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Биыл қыркүйек айында республиканың басым бөлігінде орташа ауа температурасы нормадан 1°С жоғары болады.Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар облыстарында, Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарының басым бөлігінде – норма шамасында, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарының таулы және тау бөктеріндегі аудандарда – нормадан 1°С-қа төмен болады деп күтіледі. Көпжылдық деректерге сүйенсек, Қазақстан аумағының көп бөлігінде айдың бірінші жартысында-ақ үсік жүруі мүмкін, оңтүстік облыстарда – айдың соңында болуы ықтимал. Алайда, консультативтік болжамға сәйкес, үсік солтүстік өңірлерде қыркүйек айының екінші онкүндігінде -5 градусқа дейін, ал оңтүстік өңірлерде – үшінші онкүндікте күтіледі.

Қыркүйек айында жауын-шашын мөлшері тамыз айымен салыстырғанда аз болады. Жауын-шашынның жиілігі азаяды, бірақ жауу ұзақтығы артады. Ел өңірлерінде жауын-шашынның таралуы біркелкі болмайды. Оның мөлшері республиканың басым бөлігінде – норма шамасында. Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарының басым бөлігінде, Қостанай облысының солтүстігінде, Алматы облысының оңтүстік-шығысында, Жамбыл, Түркістан облыстарының таулы және тау бөктеріндегі аудандарда – нормадан көп, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында, Қарағанды облысының батысында нормадан аз болады деп күтіледі.

Күздің басында Қазақстан аумағында жазғы ыстық ауа райы сақталады. 3-6 қыркүйекте белсенді циклонның ықпалымен республиканың басым бөлігінде ауа массаларының ығысуы, желдің 15-25 м/с дейін күшеюі және жаңбыр күтіледі. Елдің шығысы мен оңтүстік-шығысында кей жерлерде күшті жаңбыр жаууы мүмкін. Ауа температурасының төмендеуі бірінші онкүндіктің ортасында күтіледі: Елдің батысында түнде +15+20°С-тан +7+15°С-қа дейін, күндіз +27+38°С-тан +20+27°С-қа дейін; еліміздің солтүстік-батысында түнде +12+17°С-тан +2+10°С-қа дейін, күндіз +28+35°С-тан +14+25°С-қа дейін. республиканың солтүстігі мен орталығында түнде +10+18°С-тан +2+10°С-қа дейін, күндіз +25+30°С-тан +10+20°С-қа дейін. Онкүндіктің екінші жартысында ауа температурасының төмендеуі ҚР-ның оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында, түнде +13+22°С-тан +7+15°С-қа дейін, күндіз +30+36°С-тан +21+28°С-қа дейін болжанады. Онкүндіктің соңында ауа температурасы Қазақстанның шығысында төмендейді. Температуралық фонның түнгі уақытта +10+18°С-тан +2+10°С-қа дейін, күндіз +27+32°С-тан +15+25°С-қа дейін біртіндеп төмендеуі күтілуде. Бірінші онкүндіктің соңында ҚР-дың басым бөлігінде күн қайта жылынады.

Қыркүйектің екінші және үшінші онкүндігінде Қазақстанның солтүстігінде, орталығында және шығысында температуралық режимнің ауытқуы болжанады: түнде +5+13°С-тан -5+5°С-қа дейін, күндіз +20+28°С-тан +15+20°С-қа дейін; ҚР оңтүстігі мен батысында түнде +5+15°С-тан 0,+5°С-қа дейін, күндіз +25+35°С-тан +10+20°С-қа дейін. «Бір айға арналған консультативтік болжам синоптикалық жағдайдың өзгеруіне қарай түзетілуі мүмкін және онкүндік болжамдармен нақтыланатын болады», – делінген синоптиктер хабарламасында