Сайрамдық полицейлер жер қойнауын заңсыз пайдаланғандарды анықтады

182

 

Бүгінде бас пайдасын ойлағандар тақыр жерден теңге табуды бірінші кезекке қойып отыр. Тіпті ол ісі заңсыз болса да…

Түркістан облысына қарасты Сайрам аудандық полиция басқармасының полицейлері табиғатқа залал келтіріп, тау-тасты заңсыз пайдаланатындарды анықтап, осы тараптағы қылмыстардың алдын алу үшін жұмыс атқаруда.

Күні кеше Сайрам АПБ-на 102 сымтетігі арқылы ТО Су инспекциясынан Ақсукент ауылына қарасты Ақсу өзенінің бойында белгісіз тұлғалар заңсыз жер қойнауын пайдаланып қазып жатқандығы жайлы хабарлама келіп түскен.

Бір қуантарлығы бүгінде тұрғындар заңсыз іс әрекеттерге қарсы тұрып, тәртіп сақшыларына хабарлайтын болған. Соның арқасында қаншама қылмыстың алдын алуға мүмкіндік туып тұр.

Табиғат жанашырының хабарлауы бойынша Сайрам АПБ-ның жедел-тергеу тобы оқиға орнынан жедел табылды. Жергілікті екі тұрғын «Хюндай» маркалы жүк тиегіш және «Камаз» маркалы жүк көліктерімен заңсыз тау тасын алып жатқаны анықталды.

Құрылыс жұмыстарына аса қажетті тастарды сатып алуды қолай көрмеген пысықайлар осылайша табиғат байлығына қол салыпты. Тәртіп сақшыларының жедел қимылдауының арқасында «жұмыртқадан жүн қырыққан» пысықайлардың жолы кесілді.

Аталған жайт ҚР ҚК-нің 334-бабы «Жер қойнауын өз бетінше пайдалану» бойынша тіркелді. Табиғи тау тасын заңсыз пайдаланбақ болған құқықбұзушылар енді заң алдында жауап бермек. Тегін дүниеге құныққандардың көліктері айыптұрағына қойылды. Қазіргі таңда жинақталған іс-құжаттары заңды шешім қабылдау үшін Түркістан облысы бойынша экология департаментіне жолданды.

Заңсыз іс әрекетке бой алдырғандар енді 3 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазалануы мүмкін.

Айнала қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға тиісті азаматтар осындай іс әрекеттерге бой алдыруда. Әрине оның соңы жақсылыққа апарып соқпайды. Өкініштісі осыны қаперге алмайтындар көп. Дегенмен заңсыз әрекетке барғандар ол үшін жауапкершілік барын ұмытпауы тиіс.

Санжар Меңдібаев