Еліміздегі бірнеше аймақта анықталған құс тұмауы Шымкентте тіркелмеді.тауық Алайда босаңсуға болмайды,- дейді жауаптылар. Осыған орай Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасындағылар қала тұрғындарына құс тұмауына қатысты сақтық шараларын сақтау жөнінде ескертеді. Бүгінде Шымкенттегі шаруашылықтарда 969 мың бас құстың басым бөлігі ірі шаруашылықтарға тиесілі. Сондықтан құс тұмауына қарсы екпені олар өз есебінен жүргізеді.

Жеке аулада үй құстарын бағатын шымкенттіктер құс тұмауынан қауіптеніп отыр. Өйткені жыл құстары құс тұмауы тіркелген аймақтардан ұшып келуі әбден мүмкін,- дейді. Тәжірибелі құсшы Владимир Шедров егерде сақтық шараларын әрбіріміз орындасақ, бұл індеттен құстарды аман сақтап қалуымызға болады дейді.
Владимир Шедров, қала тұрғыны: «Сақтанғанды Құдай да сақтайды. Өз шаруашылығындағы құстарды жеке ұстап, егу жұмыстарын алдын ала жасап, витаминдер, жақсы жем берсе құс тұмауынан сақтап қалуға болады. Құс тұмауы Солтүстік өңірлерде өршіп тұрғанда, базардан құс алмауға тырысыңыз. Тек шаруашылығыңыздағы құстарды жайылымға, арықтардың, өзендердің жағалауына жібермеңіз. Қорада, өз аулаңызда ұстаңыз».

Жеке ауладағы үй құстарына құс тұмауына қатысты екпе жұмыстары мемлекет есебінен қаладағы тиісті сала қызметімен тегін жүргізіледі.

Манарбек ЕРЖІГІТОВ, Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы басқармасы және ветеринария басқармасының бөлім басшысы: «373 мың доза вакцинаға тапсырыс бердік,  33 мың 173 дозасы жеткізіледі. Сосын егу жұмыстарына кірісеміз».

Егер де құстың жаппай қырылуы байқалғанда басқарманың 24-75-37, 24-75-18 байланыс нөмеріне, сонымен қатар ветеринариялық қызметтің 45-05-22, 45-05-05,45-05-18 байланыс нөмеріне хабарласыңыздар.

Көтерме сауда орындарындағылар құс еті  өнімдері жақсы сатылып жатқанын айтады.

Вера Газуваева, қала тұрғыны: «Енді құс етін де, жұмыртқадан да бас тартамын. Теледидардан естідім құс тұмауы Түркістан облысында да тіркелді деп. Қазір сіз айтасыз тіркелген жоқ деп. Құс етін сатып алдым, жұмыртқа алайын деп тұрмын. Бұдан кейін бұл өнімдерді сатып алмаймын».

Сала мамандары тұрғындарды құс еті өнімдерін сатып алғанда міндетті түрде өнімнің сертификатын сұрап, қай өңірден жеткізілгенін, сапасына, мерзіміне назар аудару қеректігін ескертеді.

Шынар Оразова