Келіні қайынатасының банктік кәртішкесінен ақша аударып алған

102

Алаяқтықтың сан алуан түрі өрістеп тұрған шақта тіпті жақындарыңа да сенуге болмайтынын дәлелдеудің қажеті жоқ сынды. Оған күнделікті орын алып жатқан оқиғалар дәлел.

Түркістан облысына қарасты Созақ АПБ-не жергілікті тұрғын арызданады. Ер адамның айтуынша оның банктік кәртішкесінен белгісіз біреу ақшасын заңсыз аударып алған. Әрине ауыл тұрғыны үшін 40 мың теңге аз ақша емес.

Содан өзіне тиесілі қаражатын кім алғанын анықтап беру үшін полицейлерге шағымданып, көмектесуін сұрайды. Аталған жайтты полиция қызметкерлері АПБ-не СДТТБТ-не тіркеп, ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша енгізді.

Орын алған қылмысты ашу мақсатында жедел-тергеу тобы шұғыл әрекет етті. Тәртіп сақшылары үшін заманауи ұрыны ұстау қиынға түскен жоқ. Жіті зерттеудің нәтижесінде полицейлер жәбірленушінің банктік кәртішкесінен ақша жымқырған өзінің келіні екенін анықтады. Банк карточкасынан ақша аударудың шебері болған күдіктіге бұл іс аса қиынға түспеген сыңайлы. Сірә, ауылда тұратын атасы ұрының ізіне түседі деп ойламаса керек. Әрі білмей қалады деген ойда болған болуы да мүмкін.

Тергеу барысында келіні қайын атасының ақшасын, ұялы телефондағы банктік қосымша арқылы аударып алғаны белгілі болды. Қазіргі таңда полицейлер оқиғаның толық мән-жайын анықтауда. Бас шарасы «міндеттемеде».