Úı ANONS Қарбызды қалай таңдаған дұрыс?

Қарбызды қалай таңдаған дұрыс?

Қарбыз маусымы басталды. Жетісай диқандары алғашқы өнімдерін жинап, шетелге экспорттауға кірісті. Биыл Түркістан облысында қарбыз 20 мың гектарға жуық алқапқа егілген. Нарықта оның келісі 250-450 теңгеден сатылып жатса, көтерме бағасы небәрі 100 теңге. Жалпы қарбызды қалай таңдап, сатып алған дұрыс?

Жетісайдағы бақша алқаптарында қарбыздың бірнеше түрі жайқалып тұр. Америка, Нидерланд және Түркиядан әкелінген жеті түрлі сорттың әрқайсысы өзіндік ерекшелігімен танымал. Ал олардың арасындағы ең жаңасы – голландиялық «Инсепшн» сорты. Диқандар бұл қарбыздың дәмі мен сапасы жоғары болғандықтан, премиум сегментке жататынын айтады.

БЕРДИЯР ПАДАШ, ШАРУАШЫЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ: «Біз жаңа сорттарды іздеудеміз, қазақ еліне жаңа бір сорт тапқымыз келіп жатыр. Әлі зерттелмеген, ашылмаған сорттардың ұрықтарын Қазақстанға алдырып, қазір ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Маған бұл жүйеде диқан болып жұмыс істеу қызық, бірақ диқан болып қалу үшін маған осы жүйені дамыту қажет. Мысалы Қырғызстанда шешім тапты, бір-екі аптаға шекараны жабады. Бірінші өздерінің диқандарының қарбызын жеп бітіріп алады»

 

Қарбыз табиғи жағдайда шілде айының соңына қарай толық піседі. Алайда қазіргі агротехнологиялар өнімді ерте алуға мүмкіндік береді. Мамандар бұл әдістердің зиянсыз екенін айтады. Бірақ қарбыз құрамындағы нитрат мөлшерін де назардан тыс қалдырмаған жөн. Нитрат нитритке айналған жағдайда жүрек айну, құсу және іш өту белгілері байқалуы мүмкін.

 

ӘСЕМ  ДӘУЛЕТОВА, СЭБД БӨЛІМ БАСШЫСЫ: «Нитрат қалдықтары организмде гемоглобинмен реакцияға түскеннен кейін, метгемоглобин пайда болады. Ол дегеніміз – организмге оттегінің түсуіне аздап кедергі жасайды. Сондықтан улану жағдайы осы кезде де болады. Улану – кәдімгі тамақтан улану сияқты болады. Бірақ, оттегінің организмге түсуі нашарлағаннан кейін әрине, онда көгеру болады, еріннің көгеруі деген сияқты симптомдар болады. Құсу, іштің өтуі деген сияқты кәдімгі тағамнан улану сияқты болып өтеді»

 

Мамандар қарбызды тек ресми орындардан алуға кеңес береді. Өнім күн астында ұзақ тұрмауы тиіс, сондай-ақ жарылған немесе кесілген қарбызды сатып алмаған дұрыс. Күмән туған жағдайда нитрат жөнінде анықтама сұрауға болады.

 

ӘСЕМ  ДӘУЛЕТОВА,  СЭБД БӨЛІМ БАСШЫСЫ: «Өнімге және оның құрамындағы нитрат жөнінде деген анықтама қағазы болады. Тұтынушылар, сатып алушылардың барлығы қауіпсіздік үшін сол анықтаманы талап етуге деген құқығы бар»

 

Мамандар қарбызды салқын жерде сақтаған дұрыс екенін айтады. Бұл жағдайда оның құрамындағы нитрат деңгейі төмендейді екен. Дегенмен, қарбыздан кейін ағзада улану белгілері пайда болса, бірден дәрігерге қаралған жөн.

Лаура Бабас