Шымкент көшелерінде пальма ағаштары пайда болды. Мегаполис кәсіпкерлері қалаға банан ағаштарын отырғызып, қалаға тропикалық көрік берді. Экзотикалық өсімдіктер жеміс бере ме? Алдағы сюжеттен көріңіз.
Шымкентте банан ағаштары өсіп, қала келбетіне тропикалық реңк қосылды. Бұл ерекше бастаманы кәсіпкер Данияр Әзімбаев жүзеге асырған. Ол шым шаһардың жылы климаты экзотикалық өсімдіктердің жерсінуіне қолайлы жағдай жасайды, дейді.
ДАНИЯР ӘЗІМБАЕВ, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР: «Бұл пальманы эксперимент ретінде отырғыздық. Қыста оны мұқият орап, суықтан қорғау қажет болады. Тіпті жеміс беруі де мүмкін, бірақ ол жемістердің толық жетілуі екіталай»
Осылайша Володарский көшесі ерекше бір жасыл әлемге айналған. Қайыңдардың сыбдыры, көгілдір шыршалар мен нәзік гортензия гүлдері бұл баққа айрықша көрік беріп тұр. Бірнеше айдың ішінде бой көтерген бұл жасыл кеңістікке еліміздің әр түкпірінен әкелінген өсімдіктер ерекше сән сыйлаған.
ДАНИЯР ӘЗІМБАЕВ, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР: «Біздің кеңсенің кіреберісінде альпинарий жасалған. Төрт жағында қылқанжапырақты ағаштар мен арша отырғызылған. Арша өсіп үлкейген соң, одан әдемі композиция жасауды жоспарлап отырмыз. Бұл жұмыс шамамен 3–4 жылдан кейін жүзеге асады»
Бүгінде бұл ерекше бақ жақын маңдағы тұрғындардың ғана емес, қала қонақтарының да қызығушылығын тудырып отыр. Мұнда келушілер суретке түсіп, отбасымен серуендеп, тыныш әрі ерекше атмосферада демалып кетеді.
ДАНИЯР ӘЗІМБАЕВ, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР: «Шынымды айтсам, бұл маған қатты ұнайды. Көп адам келіп, суретке түседі. Кешке қарай мұнда балалар мен ересектер көп жиналады. Бұл аудан менің өскен жерім болғандықтан, бұл маған екі есе қуаныш»
Айта кетерлігі, бұл компанияның қалаға жасап отырған алғашқы сыйлығы емес екен.
ОЛЖАС ДҮЙСЕМБЕКОВ, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР: «Өткен жылы біз әлеуметтік жауапкершілік аясында Ә.Жангелдин көшесінде аллея жасадық. Кейін өз кеңсеміздің жанында кіреберіс аймағын абаттандыруды қолға алдық. Мұндағы өсімдіктер біздің өңір үшін сирек, оларды күту қиын болса да, қалаға әдемі көрініс беріп тұр»
Тропикалық ағашты кез келген тұрғын келіп тамашалай алады. Тек өсімдіктерді қорғау және бақтың тазалығын сақтау маңызды. Жазда банан ағаштары арнайы тор арқылы күннен қорғалса, қыста оларды жылы көрпемен орап қояды екен.
Лаура Бабас






