Мақсат – міндеттерді мүлтіксіз орындау!

71

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты биылғы Жолдауында ел дамуының түбегейлі тұстарын зерде¬леп, оның сан қырлы салаларын жүйе¬лі түрде жаңғырту мәселелеріне тоқталды. Бүгінде барлық жердегідей біздің күнгей өңірімізде де осынау маңызды құжатта алға қойылған келелі міндеттерді жүзеге асыру бағытындағы қарбалас тірлік қанатын кеңге жайып отыр.

Осы орайда, Түркістан облысы қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Абдрахман ТАСЫБАЕВТЫ әңгімеге тартып, жаңадан қалыптасып жатқан өңірдің өзіндік ерекшеліктері мен әлеуметтік және экономикалық жай-күйіне бағытталған бірқатар сұрақтарға жауап беруін өтінген едік.

– Абдрахман Батырбекұлы, Жолдаудың «Теңгерімді аумақтық даму» бөлімінде «Өңірлеріміз арасында экономикалық және өндірістік бағыты, тұрмыс деңгейі, мемлекеттік қызмет сапасы жағынан айырмашылықтар бар. Сондықтан аумақ¬тық даму жолында әр өңірдің бәсекелі ар-тықшылығын ескеру қажет» деп атап көрсетті. Әңгімеңіздің басында облыс пен Түркістан қаласында жүргізіліп жатқан жаңа бастамалар мен игі жобалар, құрылыс жұмыстарының барысы жайлы айтып берсеңіз?
– Стратегиялық мазмұны жоғары бұл құжат бір жылдық, немесе бір саланың емес, Қазақстанның сан қилы қоғамдық, маңызды, ауқымды болашаққа бағытталған іс-шараларын атқаруға бағдар беретін және оларды орындау үшін қажетті жұмыс күштерін, өндіріс қуаттарын біріктіретін, қаржыландыруды шешетін құжат бүкіл елімізге, оның ішінде біздің облысқа да айырықша серпін беріп, келелі міндеттер жүктеп отыр.

Жаңадан қалыптасып жатқан өңірдің басты басымдығы Түркістан қаласы болуына байланысты негізгі құрылыс жұмыстары да осы қалада жүргізілуде. Бірақ облысымыздың басқа аудан, қалалары да назардан шет қалып жатқан жоқ. Жалпы облыс бойынша 492 инвестициялық жобалар іске асырылуда (385 құрылыс нысандары, 107 жобалау-сметалық құжаттамалар), оларға бөлінген 209,6 млрд.теңгенің 1 қыркүйектегі жағдайға 121,3 млрд.теңгесі игеріліп отыр.
Ал облыс орталығы Түркістанда 110 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оған республикалық, облыстық және ішкі қарыздар есебінен жалпы 149,9 млрд.теңге бағытталды.

Бұдан бөлек, өңірлер, ұлттық компаниялар және бизнес өкілдері тарапынан 13 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Әкімшілік-іскерлік орталықта бірінші кезекте іске асырылатын 12 нысанның бүгінгі күнге 3 нысаны аяқталып, сыйға тарту шарты жасалуда (Конгресс орталығы, Оқушылар сарайы, Стадион), бұл нысандарды салалық басқармаларға бекіту жұмыстары жүргізілуде, ал, қалған нысандардың құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтап, іске қосу көзделуде.
Одан бөлек, инженерлік-инфрақұрылым тарту жұмыстары (электр, газ, су, жылу, кәріз жүйелері), мәдени объектілерінің құрылысы, мешіт, қонақ үйлер сынды ірі жобалар іске асырылуда.
Сондай-ақ, жалпы ауданы 773,6 мың шаршы метр немесе 9052 пәтерді құрайтын 177 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.

– Биылғы Жолдауда «Біз үнемді әрі жауапты жаңа бюджет саясатын әзірлеуіміз керек. Басым ба¬ғыт¬тар мен жобаларға ғана қаржы бөлген жөн. Қаржыны оңды-солды жұмсайтын заман келмеске кетті. Негізгі бюджеттік коэф¬фициенттер мен ережелердің жина¬ғын әзірлеу қажет», – деп атап көрсетілді. Ал енді, біздің өңірдегі бюджет қаржысының бөлінуі мен атқарылуының барысы қалай екенін білсек?
– Басқарманың басты міндеттерінің бірі облыстық және облыс бюджетінің атқарылуы туралы есепті қалыптастыру, сондай-ақ облыстық коммуналдық меншікті басқару жұмыстарын жүзеге асыру.

Енді облыс бюджетінің көлеміне тоқталатын болсам, 2020 жылы облыс бюджетінің кіріс көлемі 874,1 млрд.теңге. Оның 80,0%, яғни 698,8 млрд.теңгесі трансферттер түсімі, қалған 175,3 млрд.теңгесі өзіндік кірістер мен қарыздар түсімінен тұрады. (өзіндік кірістер 74,8 млрд.теңге және қарыздар түсімі 100,5 млрд.теңге).
Жалпы, өткен жылмен салыстырғанда облысымыздың өзіндік кірісі 8 млрд. теңгеге өсіп отыр.
Ал, 8 айдың қорытындысымен жергілікті бюджеттің кірістер жоспары барлық аудан қалалармен артығымен орындалып, бюджетке 6,3 млрд.теңге артық түсті, бұл 114,2% ды құрайды.

Бюджеттің шығыс бөлігіне келсек, жоспар 882 млрд.теңге көлемінде бекітілген. Ал, 8 айға жоспарланған қаржының 540,5 млрд.теңгесі игеріліп, жоспар 99%-ға орындалды.
Жалпы облыс бюджетінің 52%-ы әлеуметтік салаға бағытталған Оның ішінде: білім беру саласына – 341,7 млрд.теңге; денсаулық сақтау саласына – 14,1 млрд.теңге; -әлеуметтiк көмек және әлеуметтiк қамсыздандыру бойынша–67,7 млрд.теңге; мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістiк бойынша –34,3 млрд.теңге бөлінді.
– Өткен жылы Арыс қаласында орын алған жағдай елімізді бір сілкіндірген болатын, енді биылғы жылы да оңай болып отырған жоқ, әлемдегі пандемияға қоса Мақтаарал ауданында су тасқыны орын алды. Осы бағыттағы жұмыстарға қанша қаражат бөлініп, соған орай атқарылып жатқан нақты істерді атап өтсеңіз?

– Ия, короновирустың алғашқы толқыны барша адамзатқа қауіп-қатер төндірді. Енді осы бағытта Үкімет резерві есебінен 1,4 млрд.теңге және облыс әкімінің резерві есебінен 965,0 млн теңге бөлінген. Бұл қаржы облыс азаматтарының өмірі мен денсаулығын қорғау үшін санитарлық-дезинфекциялық режимді күшейтіп, медициналық ұйымдарды дәрілік заттармен қамтамасыз етуге және халықты тестілеу мақсатында облысымыздың 5 ауданын ПТР (полимеразды тізбекті реакция) – зертханасымен жабдықтауға жұмсалды.

Бұдан бөлек, бүгінгі таңға пандемияның мүмкін болып отырған жаңа толқынына дайындық жұмыстарын жүргізу мақсатында медициналық ұйымдарға 80 дана оксигендік терапия аппаратын және 2 дана оттегі стансасын сатып алу үшін облыс әкімінің резервінен 353,6 млн.теңге қосымша қаржы бөлініп отыр.
Ал, Мақтаарал ауданында орын алған су тасқынынан зардап шеккен елді мекендерді қалпына келтіру үшін Үкімет резервінен 11,8 млрд. Теңге және облыс әкімінің резервінен 241,1 млн.теңге бөлінді.

Бөлінген қаржы тұрғын үйлерді, полиция тірек пунктерді, мектеп, бала бақша, фельдшерлік-акушерлік пунктерін, көлік және инженерлік-инфрақұрылымын қалпына келтіруге және құрылыс жұмыстарына бағытталып отыр.
Сондай-ақ, ауданның зардап шеккен әр тұрғынына 100 мың теңге мөлшерінде өтемақы төлеу тапсырмасының аясында, біздің басқарманың қызметкерлері аудан тұрғындарының құжаттарын қабылдап, олардың дұрыстығын тексеріп, министрлікпен келісу және банктен есеп шот ашу жұмыстарын жүргізді.
Нәтижесінде құжаттары расталған 6210 азаматқа 100,0 мың теңгеден жалпы 621,0млн.теңге өтемақы төленіп, тапсырма толығымен орындалды.

– Әлеуметтiк көмек және әлеуметтiк қамсыздандыру саласына қанша қаражат бөлінген және ол қандай бағыттарға жұмсалуда?

– Бұл салаға 2020 жылы мемлекеттік бюджеттен 67,7 млрд.теңге бөлініп, есепті кезеңге жоспарланған 30,0 млрд.теңге 99,3%-ға орындалды.

Бұл қаржы негізгі үш бағытта жұмсалуда. Атап өтсек, 49 мың 500 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек ретінде 38,9 млрд.теңге қарастырылып, жұмсалуда.
Одан бөлек, нәтижелі жұмыспен қамту, жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағытында облыс тұрғындарына шағын несие беру, мемлекеттік грант ұсыну, бос және жаңа жұмыс орындарына жолдама беріліп, жастар практикасы мен ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылып, әлеуметтік жағдайларын көтеруге 24,9 млрд.теңге жұмсалуда.
Сонымен қатар, мүгедектігі бар адамдарды және аға ұрпақты әлеуметтік қорғау мәселелері бағытында 8,6 млрд. теңге бөлінген. Нәтижесінде осы қолдауға мұқтаж 40 мың азаматқа 48 мыңнан астам техникалық оңалту құралдары жеткізіліп, әлеуметтік қызметтер ұсынылуда.

– Еліміздегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық пен жұмыспен қамтуды қолдауға бағытталған дағдарысқа қарсы іс-шараларға бөлінген қаражатқа тоқтап өтсеңіз?

– Мемлекет басшысының дағдарыс кезіндегі бизнесті қолдау және еңбек нарығында тұрақтылықты қамтамасыз етуге қатысты тапсырмалары аясында бірнеше бағдарламалар іске асырылуда. Атап айтқанда:
«Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» шеңберінде 98,7 млрд.теңге;
«Бизнестің жол картасы 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 4,8 млрд.теңге;
«Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасының шеңберінде 13,2 млрд.теңге жоспарланған.
Бұл бағдарламалдың басты мақсаты – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, еңбек нарығын дамыту.
Аталған бағдарламалар арқылы білім беру, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау, жылу жүйесін қайта құру және ауылдық елді мекендердің жолдарын күрделі және ағымдағы жөндеу бойынша жалпы 794 жоба іске асырылуда.

– Өзіңіз білетіндей, ҚР Үкіметімен бекітілген Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған Кешенді жоспары бар, осы жоспардың орындалуы қалай және ол жалғасын таба ма?

– Бұл Кешенді жоспарға сәйкес облыс бойынша 37 мекемені бәсекелестік ортаға беру жоспарланған болатын.
Оның 31 – і жалпы 13,3 млрд. теңгеге жекешелендірілді, қалған 5 мекеменің 2-уі банкрот болып танылғандығына байланысты жойылса, 3 мекеме 3 рет электрондық сауда-саттыққа шығарылып сатылмау себебінен жойылды.
Сонымен қатар ҚР Ұлттық экономика министрлігі «Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспары туралы» қаулы жобасын әзірледі. Бұл қаулы жобасымен бәсекелестік ортаға берілетін ұйымдар тізбесіне Түркістан облысынан «Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының шаруашылық басқармасы», «Эксперт» мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері енгізіліп отыр.
Одан бөлек, аудан, қалалардан шамамен 10 балабақшаларды бәсекелестік ортаға шығару жоспарлануда.

– Жолдауда квазимемлекеттік сектор субъектілерлерін оңтайландыру тапсырылған. Осы бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?

– Квазимемлекеттік сектор субъектілерлерін оңтайландыру мәселесі мемлекет басшысының бұрынғы жолдауында да айтылып өткен болатын.
Мемлекеттік органдардың ведомстволық бағыныстағы ұйымдардың артық және қайталанатын функцияларын анықтау тұрғысынан функционалдық талдау, штат санын онтайландыру, шоғырландыру не тарату бойынша және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің әкімшілік ұстауға арналған шығыстарын оңтайландыру жөніндегі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсақ: 2019 жылдың қорытындысы бойынша 12 кәсіпорын оңтайланып, 607 штат саны қысқартылды, нәтижесінде 377 млн. теңге үнемделді.
2020 жылғы 8 айдың қорытындысы бойынша 4 кәсіпорын оңтайланып, 25 штат саны қысқартылу есебінен 29 млн. теңге үнемделген.
Алдағы ауақытта 25 кәсіпорынды оңтайландырып, 459 штат санын қысқарту арқылы 275 млн.теңгені үнемдеу жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысының Жолдауда атап көрсеткен тапсырмалары мен алға қойған міндеттерді мүлтіксіз, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара, бір кісідей атсалысып орындау – ел халқының, оның ішінде қаржыгерлер қауымының да азаматтық парызы.
– Әңгімеңізге рахмет!

Слам НҰРМАҒАНБЕТҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі