Мақтааралда су тасқынынан далада қалған отбасыларға баспана кілті табысталды. Өзбекстандағы Сардоба су қоймасы бөгетінің жарылуынан жапа шеккен ел енді жаңа шағынауданда тұрады.
Мырзакенттен бой көтерген үйлердің жалпы саны — 386. Онда, топан су үйлерін жайратқан Жеңіс, Жаңатұрмыс және Достық ауылының жұрты қоныстанды.
Тәжіхал Камалханова Өзбекстандағы Сардоба су қоймасы бөгеті бұзылып, төтенше жағдай орын алғанға дейін Мақтааралдағы Жеңіс ауылында тұрған. 2 мамырды үреймен еске алған ол сол күні немерелерін қолтықтап қашқанын айтады. Осыдан кейін туған-туысының үйін паналап, кейін мектепте тұрыпты. Ал жазды өз үйінің тапшанында өткізген. Енді міне, осының бәрі көрген түстей артта қалды деп қуанып отыр.
Тәжіхал КАМАЛОВА, жаңа үйдің иесі: «5 ай далада жүрдік. Енді қуаныштымыз. Мына үй салып беріп жатыр. Үйлеріміз көңілімізден шығып жатыр. Қуаныштымыз осындай дәрежеге жеткенімізге. Бірінші кезде қорқып, жылап, бала-шағамызбен қайда барамыз деп қорықтық қой».
Еске сала кетейік, осы жылдың мамырында Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының бөгеті жарылып, кесірінен Мақтааралдағы 5 ауылды су басқан еді. Абдыраған ағайын мектепті паналап, кейін құрылыс жұмыстары басталды. Айта кетейік, су астында қалған Фердоуси мен Өргебастықтар өз ауылында қалды. Ал, Жаңатұрмыс, Жеңіс және Достық халқы Мырзакентке көшіп келді.
Өмірзақ ШӨКЕЕВ, Түркістан облысының әкімі: «Төтенше жағдай салдарынан 1000-ға жуық тұрғын үй, мектептер, балабақша, денсаулық сақтау мекемелері автомобиль жолдары, 6 мың га жуық егістік пен жайылым жерлер су астында қалған болатын».
Бой көтерген жаңа шағын ауданда барлығы 386 үй бар. 4 бөлмелі баспана кілтін табыстауға Түркістан облысының әкімі ғана емес, Өзбекстанның Су шаруашылығы министрі мен төтенше жағдай министрінің орынбасары келді. Ал, қиын сәтте елге қолдау білдірген атымтай жомарттарға Қазақстанның Премьер министр орынбасары Роман Скляр Алғыс хат табыстады.
Роман СКЛЯР, ҚР Премьер-министрінің орынбасары: «Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен зардап шеккен әрбір тұрғынмен агроқұрылымдарға қаржылай көмек көрсетілді. Бауырлас өзбек халқы да қол ұшын созды. Су басқан елдімекендерге арнайы техникалар әкеліп, судан тазарту жұмыстарын жүргізді».
Айта кетейік, бой көтерген 386 үйдің 170-ін атымтай жомарт азаматтар өз қаржыларына тұрғызған. Жалпы қолданысқа берілген әр үйді жауаптылар 17 млн. теңгеге бағалаған болатын.
Назерке Үкібасова