Дүниежүзін дүрліктірген дерттің екінші толқынына дайындықты пысықтау жұмыстары бүгінде барлық аймақта, барлық салада жүргізіліп жатыр. Бұл өз кезегінде қауіпті дерттің алдын алу жұмыстарының қай деңгейде орындалуына бақылау іспетті.
Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай бастаған жедел жұмысшы топ «СК – Фармация» ЖШС-нің Түркістан қаласындағы өңірлік қоймасына арнайы барып, пандемияның екінші толқынына дайындық барысына бақылау жұмыстарын жүргізді.
Зерделеу жұмыстарына «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің мамандары мен қатар арнайы мониторингтік топ мүшелері қатысты.
Мониторинг жұмыстары барысында қауіпті індетке қарсы қажетті дәрілік препараттар, мәселен «Парацетамол», «Риварокс», «Новиган-нео», «Прадакса», «Эликвис» дәрілері қорда жеткілікті деңгейде екендігі және өңірлік дәрілік қоймаға апта сайын Шымкент қаласындағы бірыңғай дистрибьютор Хабынан, атап айтсақ 19-23 қазан аралығында 164,9 млн. теңге сомасына 367 түрлі дәрілік заттар келіп жетсе, 27 қазан күні антибиотиктер мен ковидке қарсы дәрі-дәрмектермен қайта толығатын болады.
Бүгінгі күні өңірлік қоймада құны 437 млн. теңгені құрайтын дәрі-дәрмектердің 640-тан астам түрлері сақталған.
Мирас Қарғабай, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары: «Алдағы уақытта сұранысқа ие дәрі-дәрмектердің емдеу орындарына жеткізілу барысында ешбір кедергілер болмауы тиіс».