Қ. Тоқаев: «Коронавирустан қайтыс болған дәрігерлердің отбасына тексеру жүргізілместен төлемақы берілсін»

102

«Коронавирустан қайтыс болған дәрігерлердің отбасына тексеру жүргізілместен төлемақы берілсін». Коронавирус індетінің екінші кезеңіне дайындық мәселелері талқыланған кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді.

Жиынға Премьер-Министр мен Денсаулық сақтау министрі және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдері қатысты. Бүкіл әлем бойынша пандемияның екінші толқынының жақындап келе жатқанын ескерген мемлекет басшысы Үкімет пен жергілікті билік өкілдеріне жаңа міндеттер жүктеді.

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пандемияның екінші кезеңіне дайындық мәселелері бойынша кеңес өткізді. Үкімет басшысы мен Денсаулық сақтау министрі, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдері қатысқан бұл жиында індеттің келесі кезеңіне дайындық жайы пысықталды.

Жүктің ауыры тағы да медицина қызметкерлеріне түскелі тұр. Дегенмен, төлемақы мен сақтандыру төлемін алуда әлі күнге дейін бюрократиялық кедергілер жасалып жатқанын Президент жасырмады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Жергілікті жерлерде төлемақы бойынша «цифрлармен ойын» жалғасып, оларды бөлудің әлі күнге дейін ашықтығы жоқ. Бұл жол беруге болмайтын ахуал. Бұған қоса, бас дәрігерлер жұмыс уақытын дәрігердің пайдасына емес, түзетуге тырысады. Медицина қызметкерлері өздеріне тиесілі ақшаны өтініп сұрап алуға тиіс емес. Қазір бұл жағдайлар түрлі комиссияда қаралып, өтемақы тек 37 ғана отбасыға төленген. Мүлдем жол беруге болмайтын жағдай. Постфактум өлім себебін анықтау көптеген қиындықтарды, оның ішінде әдеп сипатындағы қиындықтарды тудырады. Осыған орай, Үкіметке бұл мәселеде мұндай тексерулер жүргізбестен қаза тапқан медицина қызметкерінің отбасына тиесілі барлық төлемақыны төлеуді тапсырамын».

Мемлекет басшысы маскалар бағасын арзандатуды тапсырды. Президент бәсекелестікті қорғау саласына жауаптыларға баға саясатының мониторингілеуді жүктеді. Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде коронавирусқа қатысты тестілеу бағасы әлі де жоғары екенін айтып, тиісті шешім қабылдау қажеттігін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Қорғаныс маскаларына бағаны елеулі сомада төмендетуді қамтамасыз ету маңызды. Олардың құны басқа елдермен салыстырғанда, оның ішінде Ресейге қарағанда бұрынғысынша айтарлықтай жоғары болып тұр. Үкімет масканың шекті бөлшек сауда бағасын 60 теңге шамасында белгілеуді жоспарлап отыр. Маған хабарлағандай, Ресейде оның құны 20-дан 30 теңгеге дейін».

Ал Президент құс тұмауының өршуіне байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігін сынға алды. Мемлекет басшысы ветеринарлық шаралармен қатар ауылдағы шаруалардың жағдайына тоқталып, жеке аулалар мен құс фабрикаларының шығынын жабарлық экономикалық тетіктерді ойластыруды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Азық-түлік қауіпсіздігі мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлар мәселесі ерекше назар аударуды талап етеді. Жоғары патогенді құс тұмауының өршуі азық-түлік қауіпсіздігі саласының кемшілігін айқындап берді. Бұл ретте мен уәжімді Ауыл шаруашылығы министрлігіне айтсам деймін».

Қасым-Жомарт Тоқаев ана өлімінің көбеюіне алаңдаушылық танытты. Үкімет медициналық көмектің өзге түрлерін ұмыт қалдырмауы тиіс. Ана мен бала денсаулығын қорғау – негізгі басымдықтың бірі. Өкінішке қарай, ана өлімі көрсеткіші барлық өңірде көбейген. Былтырғы 8 айда – 36 әйел қайтыс болса, биылғы 8 айда – 131 әйел көз жұмған. Мысалы, бұл көрсеткіш шамамен Шымкент қаласында 7 есе артқан.

Мақпал Рысбаева