Қатаң режимдегі карантин қайта енгізілуі мүмкін

140

Санитарлық талаптар сақталмаса елімізде қатаң режимдегі карантин қайта енгізілуі мүмкін. Осылай деген денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі вирус жұқтырған балалар арасында өлім дерегінің тіркелгенін айтады. Бүгіннің өзінде мультсистемалық қабынудан Қазақстанда 2 бала қайтыс болған.

Соңғы тәулікте тәжівирус жұқтырғандар саны Қазақстанда 0,6 пайызға өсті. Сөзін осылай бастаған денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі вирус өрши берсе, елде қатаң режимнің қайта орнайтынын айтады. Айта кетейік, Ковид мектеп оқушыларынан да жиі табыла бастаған. Бүгіннің өзінде елдегі 138 мектеп оқушысынан қатерлі дерт табылған.

Бағдат ҚОЖАХМЕТОВ, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі: «Жағдайдың тұрақтанғанына қарамастан, карантиндік шаралардың біз күткен нәтижесі болмай отыр. Науқастар саны қайта өсуде. Егер азаматтар санитарлық талаптарды сақтамаса, тағы да қатаң карантин орнауы әбден мүмкін».

Тіпті індет балабақшадағы кішкентайлардан да анықталған. Өкінішке орай, мультисистемалық қабыну кесірінен Қазақстанда 2 балақай бақилық болған. Оның бірі Нұр-Сұлтан қаласынан болса, екіншісі Алматы қаласынан. Айта кетейік, бүгінге дейін Қазақстанда ковид-19 108 362 адамнан анықталған. Өкінішке орай оның 1752 ажал құшқан. Олардың 182 медицина қызметкерлері.

Тимур Сұлтанғазиев, ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы: «Өңірлік комиссияларда 82 жағдай қаралды. Жалпы 182 жағдайдың ішінде. Қазіргі уақытта өтінімнің 45-і сәйкесінше төлемақыны алған болатын. Жалпы алғанда ол 82 пайызды құрайды».

Еске сала кетейік, пандемия кезінде халаттылар үстемақының төленбегенін айтып шу шығарған еді. Ел алдына шыққан жауаптылар бұдан былай ондай қателікке бой бермейміз деп ағынан жарылып отыр. Ол үшін атышулы «СК Фармациядан» тағы да 10 млрд. теңге бөлінген.

Болат ТӨКЕЖАНОВ, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Басқарма төрағасы: «Сәуір айында 42 926 мед қызметкер 7,6 млрд теңге, мамырда 40 416 мед қызметкер 8,7 млрд теңге, маусымда 53 160 мед қызметкер 12,3 млрд теңге, шілдеде 48 963 мед қызметкер 24,9 млрд теңге, тамызда 66 249 мед қызметкер 16,8 млрд теңге алды».

Еске сала кетейік, күні кеше ел президенті пандемия кезінде ажал құшқан мед қызметкерлерге тексерусіз төлемақы берілетінін айтқан еді.

Назерке Үкібасова