Úı ANONS «Қазақстан көкке көтерілді»: Шымкенттік жас спортшы ең жас Әлем чемпионы атанды

«Қазақстан көкке көтерілді»: Шымкенттік жас спортшы ең жас Әлем чемпионы атанды

16 жастағы Асылхан Асан фристайл-акробатикадан ең жас әлем чемпионы атанды. Жас спортшы қазірдің өзінде кейбір ересектер қол жеткізе алмаған биікті бағындырып отыр. Шымкенттік спортшының секірістері жай ғана техника емес. Бұл тартылыс күшіне, қорқыныш пен күмәнға қарсы жасалған батыл қадам.

 

Бұл көрініс жай ғана өнер көрсету емес. Бұл 16 жастағы жасөспірімнің әлемді таңғалдырған, мойындатқан сәті. Асылхан Асан Қазақстанға алтын медаль сыйлап қана қойған жоқ, сонымен бірге жаңа сенім сыйлады. Ол фристайл-акробатиканы таңдап алға қорықпай қадам басады.

 

Жас спортшы небәрі 16 жасында көпшілік тек армандайтын жолдан өтті. Яғни, олимпиадалық арена, Еуропа чемпионы атағы және Швейцарияның Айроло қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатын бағындырды. Финалда 103,35 ұпай жинап, жеңіс туын көкке көтерді. Бұл жай ғана сан емес, айқын басымдық. Өйткені ол, өзінен жасы үлкен, тәжірибесі мол қарсыластарын артта қалдырды.

 

Бапкер Бағлан Іңкәрбектің айтуынша, фристайл-акробатиканың болашағы зор. Қазір ұлттық құрамада 7 спортшы бар. Олардың басым бөлігі шымкенттіктер екен. Әзірге жаттығу жұмыстары шетелде өтіп жатыр. Алдағы уақытта чемпиондар өз елімізде тәрбиеленуі әбден мүмкін дейді.

Жас спортшының жетістігінің артында табандылық, тынымсыз еңбек және өзіне деген сенімі жатыр. Асылхан Асан үшін бұл жеңіс соңғы меже емес, үлкен жолдың бастауы ғана. Бүгін ол әлемді мойындатты. Ал ертең Қазақстанның абыройын бұдан да биікке көтереді деген үміт басым.

Нұргүл Жолымбетова