Úı ANONS Шымкентте бадминтоннан қаланың ашық біріншілігі өтіп жатыр

Шымкентте бадминтоннан қаланың ашық біріншілігі өтіп жатыр

Шымкент Қазақстандағы бадминтонның нағыз орталығына айналды. Жыл басынан бері қалада бірнеше ірі жарыс өтті. Сәуір айы да бадминтоншылар бәсекесінің кезекті кезеңіне ұласты. Мұнда 17 және 19 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында қаланың ашық чемпионаты басталды.

 

Біріншілікте еліміздің екі аймағынан келген 110 қатысушы бақ сынап жатыр. Осыған дейін Тәжікстанда өтетін Орталық Азия чемпионатына іріктеу аяқталып, шымкенттік екі спортшы жолдама иеленген болатын. Атап айтқанда, U-23 санатында Дайыр Қожабай, ал U-17 санатында Дарья Нам үздік шықты. Өзге де жас бадминтоншылардың шеберлігін шыңдауға мүмкіндігі мол.

 

МАРАТ ЕРАЛЫ,  БАДМИНТОНШЫ: «Бүгін жарысқа қатысып, жақсы нәтижеге қол жеткіздім деп ойлаймын. Алдағы мақсатым – бадминтонды кәсіби деңгейде ойнап, осы спорт түрін Қазақстанда дамытуға үлес қосу. Ел чемпионы атанып, Азия біріншілігінде жеңіске жетсем деймін. Сондай-ақ жоспарымда Олимпиада ойындарына қатысу бар».

 

Бадминтоннан жарыстар ай сайын ұйымдастырылады. Бұл спортшылардың бабын сақтауына және тәжірибе жинақтауына септігін тигізеді. Қазірде елімізде бадминтон қарқынды дамып келеді, әсіресе бұл спорт түріне балалардың қызығушылығы жоғары.

 

АРТУР НИЯЗОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ БАДМИНТОННАН АҒА ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ: «Турнирлер бізде ай сайын өтеді. Жарыс біткен соң, Өзбекстанның Ташкент қаласында өтетін халықаралық дода алдында екі апталық дайындықтан өтеміз. Осы жарыстың нәтижесі бойынша Қарағандыда өтетін 2012 жылғы және одан кіші спортшылар арасындағы чемпионатқа өңір намысын қорғайтын құрама команда жасақталады».

 

Спортшылардың алдағы кестесі тығыз: 4-7 мамыр аралығында Ташкентте Еуразия лигасының екінші кезеңі, кейін 25-31 мамырда 14 жасқа дейінгілер арасындағы ел чемпионаты, ал 16-21 маусымда 12 жастағы спортшылар арасындағы Қазақстан Республикасының біріншілігі өтеді.

Ботакөз Әнуар