Шолақ мылтықты өз бетінше өзгертіп алған қойшы құрықталды

221

 

Жаз жайлауда, қыс қыстауда мал соңында жүретін малшыларды мылтықсыз елестету қиын сынды. Аң, құстан сақтану мақсатында суық қару ұстайтындары бір жағынан түсіністікпен қарауға да болатын сынды. Алайда сол қойшылардың қолында жүрген мылтықтардың қайсы заңды, қайсы тіркеуден өткені белгісіз.

Жуырда Түркістан облысына қарасты Сарыағаш ауданы полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы, полиция лейтенанты Н.Сламбеков қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, қылмыстың алдын алу барысында жергілікті қойшының жайылымда заңсыз сақталған 16 калибрлі шолақ мылтығын тауып алды. Оқиға орнына келген аудандық полиция бөлімі жедел-тергеу тобының қызметкерлері күдікті Өзбекстан азаматынан шолақ аңшы мылтығы мен оның оқ-дәрілерін тәркіледі.

Егде жастағы ер адамның айтуынша, ол жұмыс берушіден жабайы жануарларды қорқыту үшін қаруды алған, содан кейін оны алып жүруге ыңғайлы болу үшін қысқартып, өзгертіп алған. Полиция тәркіленген заттай дәлелдемелерді сот-баллистикалық сараптамаға жіберді.

Аталған жайт СДТБТ-ға ҚР ҚК 287-бабы «Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша тіркелді. Күдікті қамауға алынды. Тергеу оқиғаның барлық мән-жайын анықтайды.

Тәртіп сақшылары жыл сайын белгілі бір уақыт аралығында арнайы «Қару» іс-шарасын өткізіп отырады. Шара барысында да, күнделікті жұмыс барысында да тұрғындар арасында заңсыз қару сақтағандар жазасыз қалмайтындығы жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізіліп тұрады. Дегенмен құлақ асатындардың қарасы аз болып тұр.