«Жолға жарымай отырмыз». Шымкенттегі 276-шы орамдағы тұрғындар осылай дейді. Айтуларынша, магистральды газ құбырына жақын орналасқандықтан топырақ жолды асфальттеу мүмкін емес екен. Асфальттелмегендіктен мұнда қоғамдық көлік те қатынамайды. Жазда шаң қауып, қыста лай-батпаққа батып қиналған тұрғындар бүгін Әл Фараби ауданы әкімдігіне келді.
Бұл Шымкенттегі 276 орам. Мұнда қазір 100-ден астам отбасы тұрады. Халық жылдар бойы жолға жарымай келеді. Орамдағы орталық көше 2,5 шақырым. Мұнда қазір жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Алайда, жергілікті халықты қала орталығымен байланыстыратын 500 метрлік жолға асфальт төселмейді деп шағынады тұрғындар.
Қала орталығына қатынайтын жалғыз тас жолмен қоғамдық көліктер те жүрмейді екен. Тұрғындардың айтуынша, асфальт төселмегедіктен автобустар жолға тіпті жақындамайды. Оқушыларды мектепке таситын көлік те жолдың нашарлығынан қатынамай қойыпты.
Ханым БҰҚАРБАЕВА, қала тұрғыны: «Бір мәшинеге 15 балаға дейін салып аламыз. Қайтарда жаяу келеді. Жолдың бәрі қоқыс. Үйде, ана-алар қорқып отырамыз».
Жазда шаң қауып, қыста лай-батпаққа түсіп қиналған жұрт бүгін Әл-Фараби ауданы әкімдігіне келді. Билік өкілдерінен жылдар бойына созылған жол жырына нүкте қоюды талап етті. Ал жауаптылар болса, орталық көше газ магистральді құбырынан небәрі 10 метр алшақтықта, сол себептен талапқа сай бұл жол бөлігін асфальттауға рұқсат жоқ деп отыр.
Қайрат БАЙМЕНДИЕВ, Шымкент автокөлік жолдары және жолаушылар көлігі басқармасының бөлім басшысы: «Біз қазір бұл мәселенің шешімін қарастырып жатырмыз. Халық басқа бір жерді көрсетті. Келесі жылы сол жерден жол салып беру бойынша қаражатты қарастырамыз».
Ережеге сай магистральді газ құбырлары мен жолдың арасы кемінде 50 метрден кем болмауы тиіс екен. Осылай деген билік өкілдері тұрғындарды қала орталығымен байланыстыратын жолды келесі жылы басқа аумақтан қарастырамыз деп сендірді.
Мақпал РЫСБАЕВА