Шымкент толығымен жылуға қашан қосылады?

326

Жылу маусымының Шымкентте басталғанына бес күн болды.

Бүгінгі таңда «Қуатжылуорталық-3» коммуналдық кәсіпорны шаһардағы бюджеттік мекемелердің 98 пайызын, көпқабатты 1896 үйдің 92 пайызын жылумен қамтып үлгеріпті. Әзірге мардымсыз жылуға шағымданғандар жоқ,- дейді жылу берушілер.

«Жылу берілгеннен бері мазам қашты»,- дейді шымкенттік Вера Кочергина. Жылу тарату бөліміне арнайы келген қала тұрғыны жылудың сапасына емес, көршісіне арызданып келіпті.
Вера Кочергина, қала тұрғыны: «Жылу маусымы басталғалы тыныштық жоқ. Бірінші қабаттағы көршім келіп «менде жылу жоқ, сенде бар екен. Не істедің?» деп маза бермей қойды. Өзім екінші қабатта тұрамын, үйдегі жылу құбырларымның бәрі жылы. Оған келмей жылу маған жылу келсе мен не істеймін?.. Қазір басшыларға кіріп арызымды қалдырдым. Маман жіберетін болды».

Шаһардағы көпқабатты үйлер, бюджеттік мекемелер мен коммерциялық нысандарды жылумен қамтитын «Қуатжылуорталық-3» мекемесіндегілер соңғы жылдары жылу сапасына қатысты арызданушылар азайғанын айтады. Өйткені биылдың өзінде қазандықтар, сорғыш стансалар мен ақау жиі орын алатын магистральды және орамішілік құбырлар жаңаланған. Бүгінгі таңда, қаладағы көпқабатты 1896 үйдің 1754-іне , яғни 92 пайызына жылу берілген.
Асқар Булешов, «Қуат жылу орталық-3» МКК жылу тарату бөлімінің басшысы: «Абай  ауданы бойынша 382 үй, Әл-Фараби ауданы бойынша 553, Еңбекші ауданы бойынша 481, Қаратаудағы 338 көпқабатты үй жылу берілді. Әзірге 92 пайыз үйлер жылумен қамтылды».

Күндіз ауа райының жылы болуына байланысты жылудың температурасы әзірге +46 градусты құрап отыр дейді жылу берушілер. Оны Қонаев даңғылындағы №38 үйдің сантехнигі де растап отыр.
Мұхамеджан Дәуренов, сантехник: «15 қазаннан жылу берілді. Біз барлық параметрлерді ұстап отырмыз. Қазір 46-49 градус төңірегінде жылу келіп тұр. Суық болса қосады ғой».

Жылу берушілердің айтуынша, осы аптаның соңына дейін қаладағы бюджеттік мекемелер толығымен жылумен қамтылмақ. Бүгінде шаһардағы 208 бюджеттік мекеменің 195-і , яғни 98 пайызы жылуға қосылған. Ал үйлерге келсек, қалған көпқабатты 142 үй қарашаның 1-іне дейін толық жылумен қамтылады деп сендірді жауаптылар.

Осы ретте мамандар, жылу сапасына қатысты шағымдарды 44-82-37, 44-81-89 байланыс нөмері арқылы «Қуатжылуорталық-3» мекемесінің диспетчерлік қызметі қабылдайтынын хабарлайды.

Шынар Оразова