Шымкентте 15 қазанда жылу маусымы басталды

151
фото Ашық дереккөз

Шымкент әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, қалада 15 қазанда жылу маусымы басталды. Ең әуелі аурухана, балабақша мен мектеп сияқты әлеуметтік маңызы бар ғимараттарға жылу беріліп, содан кейін көпқабатты үйлерге жылу жеткізіледі. Осылайша екі апта ішінде қаладағы барлық нысанға жылу беру жоспарланыпты.

Қаланың магистралді және ішкі орамдағы жылу жүйелерін суық суға толтыру 1 қазанда басталды. 6 қазанда Шымкент қаласы энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасының мәлімдемесінде айтылғандай, қаланың магистралдық жылу жүйелері толықтай суға толып, ішкі орамдық жылу жүйелерін суға толтыру жұмыстары жалғасып жатыр екен.
Аталған басқарманың бас маманы Гүлназ Шадманованың айтуынша, 10-12 қазанға дейін магистралді ішкі орам жүйелері толықтай суға толтырылады.
Шымкент қаласындағы жылу жүйелерінің жалпы ұзындығы 412,9 шақырымға жетеді. Соның 75,9 шақырымы магистральді, 337 шақырымы ішкі орамдағы жылу жүйелері екен.
Магистралді құбырлардың 10,4 шақырымы ауыстырылса, 15,3 шақырым ішкі орам жөндеуден өтіпті. Осы орталықтандырылған жылу жүйелеріне – 1896 көпқабатты тұрғын үй мен 208 бюджеттік нысан қосылған.
Қаланы жылумен қамтамасыз ету үшін бір жылу-энергия станция-сы («3-Энергоорталық» АҚ) мен 11 жылу қазандығы жұмыс істейді. Жылу қазандықтарын «Қуатжылуорталық-3» МКК қысқы маусымға дайындаған.
Сол қазандықтардың бірі – «Нұрсәт» шағынауданында орналасқан. 2015 жылы іске қосылған қазандық ғимараты 1124 шаршы метр болады. Мұнда жылу беретін Bosch Loos UT-HZ пештері қойылған. Отынның негізгі түрі – табиғи газ.
Ең жоғарғы қуаттылығы сағатына 163,5Гкал-ға жететін қазандық мегаполистің әкімшілік-іскерлік аумағындағы көпқабатты 78 үй мен 8 әкімшілік ғимаратқа жылу таратады.
Күн суытып, дірдектеген уақытта жылу берілгені қуаныш-ақ. Алайда, оның төлемі бар.
«Биыл жылу бағасы өсе ме?». Көбімізді осы сауал мазаласа керек. Жыл соңына дейін жылу тарифі бұрынғыдай өзгеріссіз қалады екен.
Тағы бір мәселе – жылудың дұрыс берілмеуі.
Жылу дұрыс берілмесе, жылу жүйесінен ақау шықса диспетчер қызметіне хабарласуға болады.

Шымкент қаласы әкімдігінің диспетчер қызметінің
тел: 24-72-99
«Қуатжылуорталық-3» МКК-ның диспетчер қызметі тел:
44-82-37, 44-81-89, 50-30-50