Шымкентте бұрын-соңды болмаған ота сәтті аяқталды

220

Шымкентте алғаш рет қолқаны ауыстыру бойынша операция жасалды. Ал, науқас Шымкент қаласының 82 жастағы тұрғыны. Қолқа стенозына шағымданған ол осы ота болмаса, о дүниелік болуы да ғажап емес еді.

82 жастағы науқас ауруханаға өте ауыр жағдайда түскен. Жиі талып, әлсіздік пен тыныс алудың нашарлауына шағымданған қариядан қолқаның қабынуы анықталыпты. Кесірінен, жүректен шыққан қан бүкіл ағзаны айналмай қалуы мүмкін еді.

Бұған дейін дәл осы ауруға кез болған науқастарды Нұр-Сұлтан қаласына жіберсе, енді дертті шымкенттік ақ халаттылар да жеңе алады. Ол үшін елордадан арнайы мамандар келіп, үшінші мегаполис дәрігерлеріне шеберлік сабағын өткізді.

Серік ӘЛІМБАЕВ, Нұр-Сұлтан қаласы «Ұлттық ғылыми-жүрек орталығының» дәрігері: «Науқастың жағдайы тым ауыр еді. Бірнеше рет есінен танып қалды. Біз жүректі тоқтатпай, отаны жалғастыруды шештік. Шүкір, бәрі сәтті өтті».

Бұл ауруға әсіресе жасы ұлғайған кісілер шалдығады. Егер уақытты созып алса, науқас өліп кетуі де мүмкін. Айта кетейік, бұл ауруды 92 жастағы науқастар да жеңген. Осылай деген ақ халаттылар содан бері 5 жыл өткенін айтады.

Қолқаны ауыстыру отасына Шымкентте тағы 3 науқас кезекте тұр.

Назерке Үкібасова