Шымкентте тұңғыш рет қолқа күретамырына стент орнатылды. Ол үшін Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы кардиологтар келген. Және қаланың дәрігерлеріне шеберлік сабағын өткізді.
Айта кетейік, қолқа күретамырының кеңеюі әсіресе жүрек қан тамыры ауруымен ауыратын азаматтарда кездеседі. Негізінен симптомсыз жүретін індеттен аман қалу қиын дейді дәрігерлер.
Мұрат Әріпов, Нұр-Сұлтан қаласының кардиологы: «Біз бүгін 60 және 70 жастағы қарияларға ота жасадық. Барлығы сәтті өтті. Осыдан кейін бұл отаны енді Шымкентте де жасай береді. Өңірлік ақ халаттылар біліктілігі жақсы. Айта кетейік, бұл аурудан аман қалу оңай емес. Күретамыр жарылса, науқас айналдырған 2-3 минутта көз жұмуы мүмкін. Ал, аурудың бар екені тіпті білінбейді. Тек, шегіне жеткенде жарылып, соңы ота жасауға әкеледі».
Аяқ асты пайда болатын аурудың емі бұған дейін Нұр — Сұлтан және Алматы қалаларында жасалып келген. Осыдан кейін ота Шымкентте де жүргізіледі. Осылай деген ақ халаттылар операцияның ақысыз істелетінін айтады. Бастысы, науқасқа лайықты стенд табылса болғаны екен.
Асқар Рахметәлиев, кардиолог: «Ота тегін жасалады. Тек жеткізілген науқасты КТ-дан өткізу керек. Және стендографияны табу керек. Осыдан кейін ота басталады».
Айта кетейік, жүрек қан тамыры ауруына шалдығатын азаматтардың 67 пайызы ерлер. Ақ халаттылар сөзінше ауру негізінен спирттік ішімдік, шылым шегу, стресс пен тұқымқуалаудан пайда болады.
Назерке Үкібасова