Түркістан тарихын танытқан — археолог Ерболат Смағұлов

314

Өмір жолы тұтас бір өңір тарихымен қабаттасып, ел өткенін сөз еткенде қатар айтылар ғалым тұлғалар болады. Сондай азамат – марқұм Ерболат Смағұлов. Шығыста туып, Алматыда оқып, ғылым ғұмырын Түркістандағы археологиялық қазба жұмыстарына арнаған Ерболат Әкежанұлымен бертінде, 2013 жылдың күзінде таныстық. Сол жылы Түркістанға барып, Ерболат Смағұлов алғаш қазба жұмыстарын жүргізген Күлтөбені көріп, Сауранды аралап, сұхбат құрдық. Ғалым әңгімесін тыңдау, Түркістанның біздің заманға дейінгі тарихынан сыр шертер дәрісін есту де бір ғанибет.
2019 жылдың қазанында арамыздан мәңгілікке алыстаған Ерболат Смағұлов есімі Түркістан тарихын танытуда үнемі айтылмақ. Қазақ даласының руханият жүрегіне айналған Түркістан қаласының қашан қалай пайда болғанын әйгілеген тұлғаның ерен еңбегінен сыр шертелік.

Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының бас ғылыми қызметкері, археолог Ерболат Смағұлов Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен жүздеген метр қашықтағы Күлтөбе қалашығының қабаттарын ашуға 2010 жылы кірісті. Жалпы Ерболат Әкежанұлы Түркістан аумағындағы ежелгі және ортағасырлық ескерткіштерді зерттеуін 1985 жылы бастаған. Түркістан қаласына 1500 жыл екенін сол кезде анықтады. Алайда ғалым ізденісі тереңдеген сайын Түркістан тарихы да әріге жылжи түсті.
Ғалым ұсынысымен 1996 жылы Түркістан археологиялық экспедициясы құрылды. Экспедиция көптеген ескерткіштерді ашып, зерттеді. Қаншама жыл ғылыми экспедицияны басқарып, талай-талай ғылыми еңбек жазды.
Ерболат Смағұловтың: «Яссауи кесенесі маңынан тарихи сәулет кешенін таптық. Бұл кешеннің табылуы – Түркістан біздің заманымыздың I ғасырында пайда болған деп негіз жасауға мүмкіндік береді» деген жаңалығы Түркістан қаласының пайда болу мезгілін тарихтың тереңіне бойлата түсті. Түркістанның жас мөлшері тағы да 400-500 жылға ұзартылды.

Бұл туралы ғалым Ерболат Смағұлов:
— Ортағасырлық жазба деректерге және жергілікті халық арасындағы аңыздарға сәйкес қазіргі Түркістан қаласының тарихы Ясы/Йассы атты кішігірім қалашығынан басталады. Оның нақты орналасқан жері ұзақ уақыт бойы күмәнді болып келді, себебі жазбаша деректерде бұл мәселеге байланысты тұрақсыз мәліметтердің берілуі мен кешенді толыққанды археологиялық деректердің болмауы еді. Тек соңғы жылдары ғана (2011–2017 ж.ж.) Түркістан археологиялық экспедициясының зерттеулері нәтижелеріне сүйене отырып, қорытынды жасауға болады:
1) көне Ясы қаласы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен оңтүстікке қарай 300–400 м жерде орналасқан Күлтөбе қабатының астында жатыр;
2) Ясы қаласының тарихи негізі б.з. I–II ғ.ғ. мерзімделеді (немесе, нақтылауды қажет ететін, б.з.д. II–I ғғ.).
Жүргізілген топографиялық зерттеулер ежелгі Ясы қаласының аумағы тіктөртбұрыш тәріздес кескінде келгендігін, көлемі 250х240 м төбенің бұрыштары әлемнің төрт тарабына бағытталып орналасқандығын анықтады. Ал Күлтөбе төбесі ежелгі цитадельдің (қала орталығы), сондай-ақ орта ғасырда үстіне орналасқан (VIII–XIII ғ.ғ.) цитадельдің қалдығы болып табылады. Шағын төбе күйінде жатқан ескерткіштің алып жатқан алаңы шамамен 2,6 га құрайды, айналасындағы жер бетінен биіктігі – 8-9 м. Төбе сопақша болып келген, бірақ кейінгі құрылыс жұмыстары кезіндеоның жоспары қатты өзгеріске ұшыраған.


Күлтөбенің оңтүстік-батыс бөлігінде жүргізілген археологиялық зерттеулер нәтижесінде ежелгі Ясы цитаделінен сәулет кешенінің құрылыстары ашылды. Сәулет құрылыстарының бірегей сақталуы (кей жерлерде биіктігі 3,5 м дейін) кешен жоспарын тұтас қалпына келтіруге ғана емес, сонымен қатар ежелгі архитектура тарихының мәселелерін зерттеуге мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде цитадельден зәулім қамал-кеш ашылды. Ол бірқатар құрылыс кезеңдерінен тұрады. Биік, жобасы бойынша крест тәріздес, екі-үш қабатты мұнара/донжон түрінде салынған. Кейіннен, екінші кезеңде, оған фасад қабырғалары бойынша дөңгеленген мұнаралары бар ұзын келген күмбезді бөлмелер қоршаған аула жалғасқан.
Екінші кезеңнің бөлмелері еденінен б.з. ІІ ғ. ортасына жататын кушандық қола тиындардың табылуы құрылыстың ерте кезеңі мен цитадельдің қызмет ету диапазо- нын б.з.д. ІІ ғ. – б.з. ІІ ғ. жатқызуға мүмкіндік береді (ол тиындар Кушан мемлекеті патшаларының атынан соғылып, Орта Азия жеріне, Ауғанстан, Иранның бір бөлігі және Үндістан аумағына тараған. Олардың билеушілері Қаңлы мемлекетінің патшалары әулетімен туыстық қатынаста болған). Кейбір табылған жәдігерлерден ежелгі құрылыста діни наным-сенімге баса көңіл аударылғанын байқауға болады.
Көлемді бекініс қабырғаларымен қоршалған ежелгі бекіністің әзірге тек оңтүстік бұрышы ғана ашылып зерттелді. Саз балшықтан пақса блоктармен көтерілген бекініс қабырғалары жоспарына сәйкес бұрыштары 120 дұрыс алтыбұрыш болып келуі аумағын болжам бойынша көлденеңінен 60 м қысқартуы мүмкін. Оны б.з.д. II–І ғ.ғ. жататын бірінші қамал-кешк айналасына салынған деп болжауға болады. Әзірге оңтүстік- шығыс бұрыш аумағының (ұзындығы 50 м) тек шағын бөлігі ғана зерттелді. Қабырға да бірқатар қалпына келтіру және қайта салу кезеңдерін басынан өткізген. Кезекті бір күрделі қалпына келтіру жұмыстарында қабырғасы екі есеге қалыңдатылған. Осы кезде атыс ойықтарының (бойница) төменгі қатарының бекітілуі қамалдың қорғаныс стратегиясының өзгергендігі жөнінен хабар береді. Қабырғалары бойынша бұрыштарында орналасқан мұнараларға есігі қорғаныстың жоғарғы жағында болған кең бөлмелер жапсарластырыла тұрғызылған. Қабырғаларының жалпы қалыңдығы бұрыш бөліктерінде 6 м дейін жетеді. Б.з. ІІ ғ. Түркістанның ежелгі цитаделі көлемі бойынша шағын алаңды (шамамен 60х60 м) қамтығанымен, қорғаныс – қабырғасы қалың және бұрыштарында мұнаралары бар мықты бекініс. Оның бір шетіне үш қабатты (?) қамал-кешк тұрғызылған. Жалпы ежелгі цитадельдің келбетін қалпына келтіру осындай болуы мүмкін; дегенмен, оның жоспары мен құрылымының шағын бөлігі ғана зерттелгендіктен, бұл ашылған бөліктері бойынша болжанып отыр. Күлтөбедегі келешектегі жұмыстарда Түркістан қаласының ежелгі цитаделін толық ашу мақсаты тұр.
Бүгінде әйгілі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі бар Түркістан қаласы жергілікті және халықаралық туризмнің «Меккесіне» айналды. Ал Түркістанның ежелгі цитаделі сәулет-қорғаныс ескерткішінің сақталуы мен маңыздылығы жағынан бірегей болып табылады. Қазақстанның ежелгі қалаларында жасы жағынан осыған тең келетін сәулет құрылыстары жоқтың қасы деуге болады. Ол – Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен 300 м жерде, яғни «Қазақстанның рухани астанасының» киелі жүрегінде орналасқан. Сондықтан Күлтөбенің ежелгі археологиялық нысандарын консервациялау және музейлендіру жұмыстарын жүргізіп, «Әзірет Сұлтан» Мемлекеттік қорық-музейі шеңберінде экспозициялауды талап етеді. Тарихы тереңге кететін Күлтөбенің ежелгі құрылыстарын «Киелі Түркістан» экспозициясына айналдыру қажет,-деп жазады (archaeology.kz).
Осылайша Түркістанның 1500 жылдық тарихын 2000 жылға ұзартып, мұны ғылыми дәлелдеп, Түркістан тарихы тағы да тереңдей түсетінін, әзірге болжамдар бар екенін, енді археологиялық қазба жұмыстары арқылы дәлелдеу қажетін айтқан.
Ғалымның бұл болжамы да расқа айналғандай. Ерболат Смағұловтың ісін жалғаған археолгтар осы жыл басында Түркістан тарихы 2800 жыл екенін айғақтар дәлел табылғанын жариялады.
Ал Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты «Күлтөбе қалашығының тарихи объектілерін қалпына келтіру» жобасын жүргізіп жатыр.
Мұнда «Күлтөбе қалашығы» заманауи археологиялық паркі құрылады.
Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы Түркістан қаласының дамып-өркендеп, түркі әлемінің бесігіне айналуы ҚР Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен тығыз байланысты.
Ол 2018 жылы Түркістанды қайта түлету туралы шешім қабылдады.
2018 жылдың 29 қыркүйегінде Түркістанға келген сапарында:
«Түркістанның халқымыз үшін айрықша маңызы бар. Бұл – Орталық Азиядағы ежелгі қалалардың бірі. 2000 жылы Түркістанның 1500 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде атап өттік. Тарихымыздың қилы кезеңдерінде мұнда бүкіл ұлтымыздың болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылданған. Түркістанда халқымыздың көптеген белгілі тұлғалары жерленген. Жалпы, қала тарихы – барша қазақтың тарихы»-деді.
Араға екі жыл салып, күні кеше 2020 жылдың 28 қыркүйегінде Түркістанға келіп, қалада салынып жатқан нысандарды аралап, көрді.
Қаланың орналасқан жері, түркі әлемінің маңызды рухани орталықтарының бірі ретінде мәртебесі болашақта Орталық Азия елдерінің интеграциясына қызмет ететінін атап өтті.
– Қала өсіп, халқының саны да арта түсетініне сенімдімін. Мұнда түрлі форумдар мен жастар жиындарын, спорт шараларын өткізіп тұру қажет. Осылайша, біз қаланы көпшілікке таныстырып, көрсетуіміз керек. Түркістанды қайта түлетудің біздің халқымыз үшін маңызы зор, – деп, қала мен өңірдің одан әрі өсіп-өркендей беретініне сенім білдірді.

Жәнібек НҰРЫШ

«Оңтүстік Рабат», №40, 1 қазан 2020 ж