үркістан облысында кәсіп ашып, ісін дөңгелетіп жатқандар кім? Осы сауалдың бір жауабын білу үшін Түркістан қаласына барып, сондағы кәсіпкерлердің жұмысын көрдік. Олар пандемия қиындығына қарамастан, бизнес бастап, жаңа жұмыс орындарына адам алып, талай отбасының кірісін молайтып отыр. Олардың арасында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның қолдауына ие болғандары да бар. «Даму» қоры кәсіп бастамақ болған және бизнес ауқымын кеңейтпек болғандарға 3 түрлі қолдау ұсынады. Соның негізгісі – «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы.
37 ЖОБАҒА КЕПІЛДЕМЕ БЕРІЛДІ
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның Түркістан облысы бойынша аймақтық филиалы директорының орынбасары Елжан Байтанаевтың айтуынша, облыста бизнеске бет бұрып жатқандар көп. Қор оларға қаржылық және қаржылық емес қолдаулар көрсетеді екен.
– Биылғы 9 ай ішінде «Даму» қоры Түркістан облысында 68 жобаға қолдау көрсетті. Бұл дегеніміз — 6,10 млрд теңге. Бұл қаржының 4,34 миллиард теңгесі (57 жобаға) «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасына, 1,76 миллиард теңгесі (11 жобаға) «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша берілді. Нарықтағы жағдайға қарамастан жобалардың ішінара кепілдемесінің де өсуі байқалады. Мәселен, соңғы 9 айда кепілдеме бойынша 37 жоба қолдауға ие болды,-деді Елжан Байтанаев.
ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНА ҒИМАРАТ САТЫП АЛҒАН
«Даму» қорынан кепілдеме алғандардың бірі — түркістандық Назира Оңдағанова. Ол — «Я Сам» оңалту орталығының директоры.
2015 жылы ашылған орталықта — сал ауруына шалдыққан балаларды емдейді, оңалту шараларына қатысады.
Бұл салада 18 жылдық еңбек өтілі бар Назира Жұмабекқызының айтуынша, бұл ауруға шалдыққан балалар саны күн санап артып келеді. Ал мемлекеттік оңалту орталықтары барлығын бірдей қабылдап, емдеуге қауқарсыз. Міне, осы себепті де Назира Оңдағанова сал ауруына шалдыққан балақайларға арналған жеке оңалту орталығын ашуды жөн көріпті.
Алайда қарқынды дамып, күніне 20-30 баланы қабылдап, 8 адам жұмыс істейтін орталықтың өз ғимараты болмапты. Дәлірегі орталыққа қажетті ғимаратты жалға алып, жұмыс істеген. Десе де бұл – тиімсіз-ақ. Міне, сондықтан да Назира Оңдағанова «Даму» қорына жүгініп, несие алуға бел буады.
Оның сөзінше, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 28 млн теңге несиені 6 жылға, 7 пайызбен алады. Бұл қаржыға ғимарат сатып алған. Ал банкке кепілдемені «Даму» қоры берген.
КІТАП БИЗНЕСІНЕ НЕСИЕ АЛҒАН
Облыс мектептеріне оқулықтар мен мектепке дейінгі кітапшаларды жеткізетін «Shugylakitap» ЖШС де «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасының қатысушысы.
1998 жылы негізі қаланған мекеме басында «Шикула и К» ЖШС деп аталған. 2003 жылдан бастап мекеме атауын «Shugylakitap» деп өзгертіпті.
Құрылғалы кітап шығарумен айналысатын компания жазушылардың кітаптарына авторлық құқық алған.
Еліміздегі карантин шектеулеріне байланысты мектеп оқушыларының оқу үрдісі онлайн форматқа көшкен кезінде компанияның жұмысын еселеніпті. Мекеме ұжымы онлайн сабақтарды, аудио-видео роликтерді дайындапты. Сондай-ақ, олар ұстаздарға арналған оқу құралдарын да әзірлепті. Балабақшаларға арналған жазу-сызу кітапшаларын да көп шығара бастайды. Осы ретте көп жылдан бері серіктес болған банктен несие алуға тура келеді. Банктің үстеме пайыздары (25%) компанияға салмақ түсіріпті. Компания басшысы Людмила Кирилинская 3 ай бұрын «Даму» қорына жүгінуді жөн көреді. Бар-жоғы 7 пайызбен 6 жылға несие алыпты. Осылайша бизнесін өркендетіп жатыр.
«ЖИҺАЗ ЖАСАЙТЫН ЖҰМЫСШЫ ТАПШЫ»
Жиһаз жасайтын түркістандық «Шымкай» ЖШС де «Даму» қорынан кепілдеме алып, несиеге қол жеткізген. 2006 жылы ашылған компанияның негізгі қызметі — түрік жиһазын елімізге жеткізіп, сату еді. Кәсіп көзін тапқан фабрика басшысы Камилжан Шукуров жиһазды шетелден тасудан гөрі өзімізде шығарған әлдеқайда тиімді екенін түсінеді.
Осылайша 2017 жылы жиһаз жасайтын фабриканың құрылысын бастайды. Қарқынды іске қосылған фабрикада дәл қазір 20 адам жұмыс істейді. Олар бір айда 300-ден 500 данаға дейін орындық пен 10-15 дана ас үстелін шығарып жатыр.
Камилжан Шукуровтың айтуынша, жұмыс күші тапшы екен.
– Фабрикаға тағы да 30-ға жуық жұмысшы қажет. Егер жұмыс күші толық болса, айына 2000-3000 дана орындық пен 200-500 дана үстел шығаруға қауқарымыз жетеді,-дейді ол.
Ол биылғы карантин шектеулеріне қарамастан жиһаз шығаруға арналған құрал-жабдықтарды сатып алу және айналым қаражатын толықтыру үшін несие алуға бел буады. Сөйтіп, «Даму» қорының кепілдемесі арқылы несие рәсімдепті.
Бұл қаражатқа қабырғаға арналған корпустық және жұмсақ жиһаз шығаруға арналған жаңа құрылғылар сатып алыпты. Енді алдағы 2-3 жыл осы бағытта да жұмыс істемек.
«Кәсіп бастаймын» деген адамдарға түрлі кәсіп те, түрлі қолдау да бар. Тек ыңғайлысын, қолыңыздан келетінін таңдап, мемлекет ұсынатын жеңілдіктерді пайдалана біліңіз.
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ
«Оңтүстік Рабат» №44, 29 қазан 2020 ж