Шымкентте «Мейірім шуағы» қоғамдық қоры «Отбасыға жылу сыйла 3» акциясы аясында қаладағы көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға, жалғызбасты аналарға тегін көмір таратты.
Аталған шараға 400 ерікті қатысып, екі күн бойы өз көмектерін көрсетті. Нәтижесінде еріктілер қаладағы «Қайнарбұлақ» саяжайы, «Құрсай», «Қазығұрт», «Сәуле», «Азат» шағынаудандары, Бозарық, Темірлан елдімекендері және Әсіл арық ауылының 200 отбасына таратылатын көмірді тиеп берді.
Көмекке мұқтаж отбасылар алдын ала сауалнама жүргізу барысында анықталды. Ал шараға қажетті қаражат еріктілердің арнайы «Мейірім конверттеріне» қоса, жеке кәсіпкерлердің қолдауы және блогерлердің әлеуметтік желілерде ақпараттандыруы арқылы жиналды.