Ресей азаматшасы құдықтан табылған мәйіт анасына тиесілі екенін айтады

61

Ресей азаматшасы Шымкенттегі құдықтардың бірінен табылған сүйегі қалған мәйіт анасына тиесілі екенін айтады. Ол қайғылы хабарды әріптестерімізге хабарлаған.

Естеріңізге сала кетейік, 12 — қазанда Шымкенттегі шағынаудандардың бірінен әйел мәйітінің сүйектері табылған болатын. Содан кейін полиция қала тұрғындарынан марқұмның туыстарын іздеуге көмек сұрады.

Тәртіп сақшылары әйел азаматшаның денесі құдықта бірнеше жыл жатып қалуы мүмкін деп топшылаған болатын.

Өзін Алина деп таныстырған бойжеткен «Элитар.кз» сайтының тілшілерімен 21 — қараша күні байланысқа шыққан. Оның айтуынша, әлеуметтік желіде құдықтан табылған мәйіт осыдан бір жарым жыл бұрын жоғалып кеткен анасына тиесілі.

Бойжеткеннің сөзіне сенсек, 11 жасар кезінде оның анасы, яғни, Қазақстан азаматшасы Ресей елінен депортацияланған. Ал оған дейін аналық құқығынан айырылған. Бірақ келіншек Қазақстанға келсе де Ресейдегі қызымен байланысты үзбепті. Тек арадағы байланыс 2018 жылдың ортасында үзілген.

«Ол менімен әлеуметтік желіде әрқашан байланыста болатын. Алайда бір ер кісімен бірге тұрып жүріп, бір жарым жыл бұрын кенеттен жоқ болып кетті. Сол кезден бері ешкіммен байланысқа шықпады. Құрбылары полицияға арыз түсірген, алайда оны ешкім қабылдамапты. Себебі олар анамның туысы емес. Ал мен болсам келе алмадым», дейді ол.

Пагондылар марқұмды танып білу үшін әлеуметтік желіде жазба жариялаған соң ғана Алина анасының құрбыларына хабарласыпты. Олар да мәйіттің киімдерінен кім екенін бірден танып, тәртіп сақшыларына барған. Бойжеткеннің айтуынша, сол жерге анасының соңғы жылдары бірге тұрған ер кісіні алып келіпті.

«Құрбыларымен кездескенде жігіт мәйіттің денесін лақтырып жібергенін мойындаған. Оның айтуынша, үйіне келгенде ол өліп қалған деп отыр. Содан қорыққанынан құдыққа тастап жіберіпті».

Бірақ Ресей азаматшасы оған мүлдем сенбейді. Ол өлім фактісін тіркеу үшін жедел жәрдем мен полиция шақырудың өзі жеткілікті болатын еді деп отыр.

«Анамның бұл өмірде енді жоқ екені жаныма қатты батады. Ия, ол соңғы жылдары менің өмірімде болмаса да, мені жақсы көретін және ешкімге жаманшылық ойламайтын. Енді тергеу шаралары ашық жүріп, әділ шешім шығады деген ойдамын» дейді.

Ал, Шымкент қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, құдықтан табылған мәйттің жеке басы анықталған. Қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің адам өлтіру бабы бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр.

Ғалымжан Кенжебек