Шымкентте көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларына көліктердің ретсіз қойылуы бірнеше жылдан бері өзекті мәселеге айналған. Ретсіз тұрақ салдарынан өрт сөндіру, жедел жәрдем және басқа да жедел қызмет көліктері оқиға орнына уақытылы жете алмайды. Ал төтенше жағдайда әрбір секундтың маңызы зор. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері полициямен бірлесіп, аулалардағы кіреберіс жолдар мен өрт гидранттарына қолжетімділікті тексеру үшін ауқымды рейдтер жүргізуде. Тексеру барысында қандай заңбұзушылықтар анықталды?
Шартты шақыртуға шыққан өрт сөндіру көлігі тығыз қойылған автокөліктердің арасымен өтуге тырысады. Алайда тар өткел толықтай жабылған. Құтқарушылар үйге басқа бағытпен жетуге әрекеттенгенімен, ол жақтағы жолды да көліктер бөгеп тұр.
Жолды босату үшін ауыр бетон бөгеттерді алып тастауға уақыт көп кетеді. ТЖД мамандарының айтуынша, мұндай жағдайлар әрбір дерлік шақырту кезінде қайталанады. Қалада көлік саны жылдан-жылға артып келеді, ал автотұрақ орындары жеткіліксіз. Соның салдарынан жүргізушілер көліктерін кез — келген жерге қояды. Нәтижесінде кіреберіс жолдар ғана емес, төтенше жағдайда еркін қолжетімді болуы тиіс өрт гидранттары да көліктермен жабылып қалады.
МҰРАТ СЕРІКБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ТЖД МЕМЛЕКЕТТІК ӨРТ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: «Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, өрт сөндіру техникаларының қозғалысына кедергі келтіретін заңсыз орнатылған бөгеттерді алып тастау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережесін бұзып, өрт техникасының жүруіне кедергі келтірген автокөліктерді анықтау мақсатында рейдтер өткізуде».
Бірнеше күнге созылған рейд барысында мамандар жүздеген ауланы тексеріп, олардың басым бөлігінде арнайы техниканың еркін қозғалуына кедергі келтіретін заңбұзушылықтарды анықтады. Шымкенттің бір шағынауданында тұрғындар ешқандай рұқсатсыз аула аумағын темір қоршаумен толық қоршап, еркін кіруге шектеу қойған.
САПАР ИСАҚОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Бізде автотұрақ орындары жоқ. Мұндай жағдай бүкіл қалада кездеседі. Мына қоршауларды орнатып қойған. Егер шын мәнінде қажеттілік болса түсінер едік. Бірақ әркім өз үйі мен өз қолайын ғана ойлайды».
Құтқарушылардың айтуынша, өрт немесе басқа да төтенше жағдай кезінде әрбір секунд шешуші рөл атқарады. Арнайы техниканың жолындағы кез келген кедергі ауыр зардапқа әкелуі мүмкін. Сондықтан рейд барысында заңбұзушыларға ескерту жасалып қана қоймай, әкімшілік жауапкершілікке де тартылады. ТЖД мамандары жүргізушілерді көліктерін кіреберіс жолдар мен өрт гидранттарының жанына қоймауға, ал тұрғындарды заңсыз қоршаулар орнатудан бас тартуға шақырады. Өйткені аулаға еркін кіру – жай ғана қолайлылық емес, адам өмірі мен қауіпсіздігінің кепілі.
Нұргүл Жолымбетова






