Бүгінде жастардың әскери қызметке деген қызығушылығы жоғары. Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары Отан алдындағы борышын өтеуге ниетті азаматтардың қатары көбейген. Бірі әскери саланы болашақ кәсібі ретінде таңдаса, енді бірі әскерді жігерді шыңдап, мінезді қалыптастыратын өмір мектебі деп біледі екен. Осы бағытта Шымкенттегі Сабыр Рахымов атындағы әскери колледжде ел қорғаны болуға ұмтылған жастарға сапалы білім мен әскери тәрбие беріліп келеді.
16 жастағы Дәулет Тоқташ әскери мамандықты саналы түрде таңдаған. Оның арманы – ел қорғаны атанып, Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарында қызмет ету. Сол себепті ол Шымкенттегі Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рахымов атындағы әскери колледжде білім алып жүр.
ДӘУЛЕТ ТОҚТАШ, САБЫР РАХЫМОВ АТЫНДАҒЫ ӘСКЕРИ КОЛЛЕДЖДІҢ ҰЛАНЫ: «Отан қорғау деген жігіттерге парыз болып келеді. Егер де отан қорғамаса несіне жігіт болып жүрміз?! Әрбір қазақ ұлдары өз отанын қорғау керек және мен осы әскери өмірге келгеніме өкінбеймін. Неліктен екені, өзің таза жүресің, жинақы. Төсек орның, бәрі бұл жерде таза болады».
Күн сайынғы жаттығу мен қатаң тәртіп жас жігіттің мінезін шыңдай түскен. Бүгінде Дәулет қаруды көзді ашып-жұмғанша бөлшектеп, қайта жинай алады. Ол әскери дайындық адамның бойына батылдық пен сенімділік дарытып, кез келген сынаққа дайын болуға үйрететінін айтады.
Бүгінде әскери колледжде 250-ден астам жас тәрбиеленіп жатыр. Олар әскери істің қыр-сырын меңгеріп, саптық дайындық пен тактикалық сабақтарда шыңдалады. Темірдей тәртіп пен табанды тәрбиені қатар ұштастырған оқу ордасында ел тыныштығын күзететін азаматтар қалыптасып келеді.
МАҚСАТ ТІЛЕС, САБЫР РАХЫМОВ АТЫНДАҒЫ ӘСКЕРИ КОЛЛЕДЖДІҢ РОТА КОМАНДИРІ: «Біздің ата-бабамыз осыншама ұлан байтақ жерді бізге аманат етіп қалдырған. Ер жігіт еліне қару алып ұстамаса, ер жігіттен не пайда?! Сондықтан жігіттерге келіп қару ұстап, үйренуін. Әскері дайын ел- ешқашан алаңдамайды. Сондықтан біздің әскеріміз әрдайым дайын болу керек»
Елдің тыныштығы – оны қорғайтын азаматтардың қолында. Ал бүгін әскери колледжде білім алып жүрген жасөспірімдер – ертең Қазақстанның шекарасын күзетіп, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ететін офицерлер. Сондықтан Отанға қызмет ету – олар үшін жай ғана мамандық емес, қасиетті парыз.
Лаура Бабас






