Елімізде қылмыс деңгейі төмендеді. Биылғы жылдың алғашқы бес айында Қазақстанда 48 мыңға жуық қылмыстық іс тіркеліп, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 5 мыңға аз. Қылмыс ең көп тіркелген өңірлер қайсы? Жәбірленушілерге келтірілген шығынның қаншасы өтелді? Қоғамдық қауіпсіздікті күшейту үшін қандай жаңа шаралар қабылданды? Толығырақ – алдағы сюжетте.
Биылғы жылдың алғашқы 5 айында Қазақстанда 48 мыңға жуық қылмыстық іс қозғалған. Оның 2 мыңнан астамы Түркістан облысында, 2600-ге жуығы Шымкент қаласында тіркеліп, тергеу басталған. Бас прокуратураның дерегінше, ең көп қылмыс Алматы қаласында орын алған. Ондағы қылмыс саны 8700-ден асқан. Екінші орында Астана қаласы тұр, қылмыс саны дерлік 6 мыңға жеткен. Ішкі істер министрлігі қылмыстық істерді тергеу кезінде заңды қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын қорғау және жәбірленушілерге келтірілген залалды өтеу бағытында жүйелі жұмыс жалғасып жатқанын хабарлады.
САМАТ АЙСОВ, ІІМ ТЕРГЕУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ: «Ішкі істер министрлігінің тергеу департаменті азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, қылмыстық істерді тергеу кезіндегі заңдылықты қамтамасыз ету, қылмыстармен келтірілген залалды өтеу, кінәлілердің жауапкершілігінің бұлтартпастығын қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында тұрақты жұмыс жүргізуде. Бүгінде профилактикалық жұмыстың тиімді тетіктерінің бірі — Қылмыстық-процестік кодекстің 200-бабында көзделген ұсыну енгізу институты. Жыл басынан бері тергеліп жатқан қылмыстық істер бойынша мемлекеттік органдарға, мекемелер мен ұйымдарға 45 мыңға жуық ұсыну енгізілді».
Департамент бастығының сөзінше, жалпы елімізде қоғамдық қауіпсіздікті күшейту үшін нақты шаралар қабылданған. Мысалы, әлеуметтік жағдайы қолайсыз аудандарда, сауда және ойын-сауық орындарында қосымша 2 мыңға жуық бейнебақылау камерасы орнатылған. Ал жәбірленушілерге келген шығынды өтеу мәселесіне ерекше назарда. Бүгінде аяқталған қылмыстық істермен келтірілген жалпы шығын көлемі 72 млрд. теңгеден асқан. Оның 34 млрд-тан астамы өтелген.
САМАТ АЙСОВ, ІІМ ТЕРГЕУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ: «Азаматтарды әлеуметтік қолдау тетіктерінің бірі — Зардап шеккендерге өтемақы қоры жұмыс істейді. Өтемақы алу құқығы қылмыстың 124 құрамы бойынша көзделген. Төлем көлемі 30-дан 50 айлық есептік көрсеткішке дейін белгіленген. Қор жұмысы басталғаннан бері бес мыңнан астам жәбірленушіге жалпы сомасы 831 млн теңгеден астам төлем жасалды».
Министрліктің дерегінше, 5 айда қылмыстардың жасалуына ықпал еткен 2 мыңнан аса лауазымды тұлға жауапқа тартылған. Сонымен бірге, істі қарау жөнінде тиісті шаралар қабылдамаған 500-ден аса тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Айта кетейік, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда Қазақстанда тіркелген қылмыс саны шамамен 5 мыңға азайған.
Дилара Иса






