«Шаңырақ» отбасы институтын қолдау орталығы екі айда 700-ге жуық тұрғынға қызмет көрсетті

165

Шымкентте «Шаңырақ » отбасы институтын қолдау орталығының филиалы жұмысын бастады. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының қарасты мекемеде Абай, Әл-Фараби аудандарының әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тұрғындарына, көп балалы отбасыларына түрлі қызметтер көрсетіледі.

Жаңа орталықта мамандар оларды кәсіпкерлікке баулып, тұрмысы төмен отбасыларына тиесілі мемлекеттік қолдауларға ынталандыратын болады. Қызметкерлер мұнда заңгерлік, əлеуметтік жəне психологиялық көмек көрсетуден бастап, кəсіпкерлік негіздеріне бағытталған мамандықтар бойынша бизнес жоспар құруға, кәсіп ашуға грант немесе микрокредит алуға, сондай-ақ жұмысқа орналасуға бағыт- бағдар береді.

Қасымбек САЙЛАУОВ, Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы: «Орталықтарды ашудағы басты мақсат – әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларды өмірлік қиын жағдайдан шығаруға көмектесу, тұрғындардың тұрмысы түзеуге жан-жақты қолдау білдіру. Осылайша, біз тұрмысы төмен отбасыларының жағдайын жақсаруға жұмыс істеп, қалада бұл санаттағы отбасылырының санын азайтамыз деп жоспарлап отырмыз».

Мұнда мамандар азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыруда тиісті іс шаралар өткізіп, олардың қажетті сұраныстарға қарай түрлі сала мамандарының ұсыныстарын ұйымдастырады. Айта кетейік, қыркүйек айында қалада «Шаңырақ» отбасы институтын қолдау орталығы ашылған болатын. Онда Қаратау, Еңбекші аудандарының тұрғындарына қызмет көрсетілуде. Осыған дейін онда 700-ге жуық тұрғынға қызмет көрсетіліпті.

Мақпал РЫСБАЕВА