Есірткіні шекара бекетінен алып өтпек болған азамат ұсталды. Мұның қаншалықты қауіпті екендігін білсе де, басын қатерге тігетіндердің қарасы азаймай тұр.
Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері есірткі қылмыстарының алдын алу бойынша ұдайы жұмыстар атқаруда. Сарыағаш АПБ-нің полицейлері шекара бекеті қызметкерлерімен бірлесіп, түрлі заңсыздыққа жол бермеу мақсатында рейдтік жұмыстарын тұрақты жүргізіп отырады.
Күні кеше ҚР-нан ӨР-на өтіп жатқан азамат күмән тудырып, полицейлер тоқтатады. Тексеру кезінде оның қалтасынан полиэтилен пакетке оралған, ерекше хош иісі бар есірткі затына ұқсас зат табылды. Күмән тудырған ер азамат Өзбекстан Республикасының азаматы болып шықты. Ол қалтасындағы есірткімен Өзбекстан Республикасына өтпек болған.
Аталған дерек, СДТБТ-не ҚР ҚК-нің 296-бабы «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Сараптама тағайындалып, оның қорытындысына сәйкес зерттеуге ұсынылған зат «кептірілген марихуана» екені анықталды. Жалпы салмағы 40 граммнан асады.