Тәртіп сақшылары карантин кезінде кезекті тойды тоқтатты

168

Түркістан облысының аумағында тұрғындар арасында коронавирустық инфекцияның таралу қаупіне байланысты карантиндік режим енгізілгені белгілі. Алайда, санитарлық және шектеу шараларын елемейтін азаматтардың саны азаймауда. Құқықбұзушылар үйлену және отбасылық іс-шараларды өткізу арқылы шақырылған туыстары мен қонақтарды, жақындарының денсаулығын қауіп қатерге итермелеуде.

Мәселен, Түркістан облысының орталығында Түркістан ЖПҚ ҚПБ қызметкерлері жергілікті тұрғындардың бірінің карантин шараларын бұзу жайтын анықтады. Рейдтер барысында мейрамханалар, кафелер мен басқа да адамдар көп жиналатын орындарды тексеру кезінде полиция қызметкерлері өткізіліп жатқан тойды тоқтатты. Осыдан соң үйлену тойының ұйымдастырушыларымен және қатысушыларымен тәртіп сақшылары түсіндіру әңгімелерін жүргізіп, қонақтарды тойханадан таратты.

Тойхана әкімшісі мен той ұйымдастырушысына қатысты полиция қызметкерлері ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу» бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Жиналған материалдар заңды шешім қабылдау үшін тиісті органдарға жіберілді.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға коронавирустық инфекцияға байланысты енгізілген карантиннің санитарлық-эпидемиологиялық ШАРАЛАРЫН міндетті түрде қатаң сақтауды ескертеді. Бас санитарлық дәрігердің қаулысының талаптарын қатаң сақтау, бетперде кию және арақашықтықты сақтау қажет.