Кентаудағы «Қазпошта» кеңсесі отқа оранды

122

«Қазпошта» акционерлік қоғамының Кентау қаласындағы бөлімшесі отқа оранды. Оқыс оқиға 5 желтоқсан күні сағат түнгі 23:00-ге таман орын алған.

Куәгерлер кеңседен шыққан қою түтінді байқап, бірден төтеншеліктерге хабарласқан. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткен бойда, қоймада қағаз жанып жатқаны анықталды. Жалын 30 шаршы метр аумақты шарпыды.

Сондай-ақ, бұл филиал үш қабатты тұрғын үйге жапсарлас орналасқан екен. Абырой болғанда, мамандар дер кезінде қызыл жалынды ауыздықтап, 10 минут ішінде толықтай сөндірді. Осылайша, жақын тұрған үйлерге тілсіз жаудың кесірі тимеді.

Адамдар арасында да зардап шеккендер жоқ. Тілсіз жаумен күреске Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаментінен 14 қызметкер мен 4 техникасы жұмылдырылған.

Нұрболат БАЗАРБЕКОВ, №12 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы: «Кентау қаласының 101 пультіне сағат 22:56 — да Қ.А. Яссауи көшесінде орналасқан номері 100-шы «Қазпошта» бөлімінің жануы бойынша хабарлама келіп түсті. Оқиға орнында 22:57 — де екі автокөлік шықты. Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаментінен 14 қызметкер мен 4 техникасы да келді. Тілсіз жауды 10 минут ішінде толықтай өшірдік. Зардап шеккендер жоқ».

Нұрлан Сұлтанбек