Шымкент қаласының Кәсіпкер палатасы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысын өткізді.

Кеңесте мемлекеттік сатып алу шарты бойынша жұмыс атқаруда туындаған әкімшілік кедергілер мәселесі қаралды.

Бейнематериал Кәсіпкерлер палатасына мүдделерін қорғау бойынша өтініш жасаған жекеменшік серіктестіктердің бірінің тарапынан ұсынылған. Айтуларынша, былтыр қыркүйекте перзентханада күрделі жөндеу жүргізу бойынша мемлекеттік сатып алу келісімшарты түзілген. Алайда құрылыс мерзімі аяқталуға екі ай қалғанда тапсырыс беруші перзентхана басшылығы жөндеуден өтетін ғимараттарды босата алмай, серіктестіктің өз міндеттерін орындауына кедергі жасапты. Оған қоса коронавирус індеті салдарынан енгізілген карантин де құрылыс жұмыстарының кестеден ауытқуына себеп болыпты.

Алпамыс МАҚҰЛБЕКОВ, «Стройком Прогресс» ЖШС-і директорының орынбасары: «Тапсырыс беруші – перзентхана басшылығы сотқа талап арыз бермек. «Б» блогын босатса, біз  құрылысты жалғастырамыз. Құрылыс мерзімін ұзартуға көмек көрсетсеңіздер, біз өз тарапымыздан сапалы жұмыс жүргізуге  уәде береміз».


Тапсырыс беруші өз еркімен құрылыстың мерзімін ұзарта алмайды. Ол үшін нысанның жобалық-сметалық құжатына өзгерістер енгізілуі тиіс екен.
Мадина КЕНЖЕБАЕВА, Шымкент қалалық перзентхананың бас дәрігері: «Қалыптасқан жағдайды біз де түсінеміз. Құрылыстың мерзімін ұзарту бойынша Заңға сәйкес біз сотқа жүгінуіміз керек. Мердігерлердің жұмысына қатысты айтарлықтай шағымымыз жоқ. Перзентхананың «А» болгын қабылдап алдық. Азын-аулақ кемшіліктер бойынша құрылыс компаниясы құрылыс барысында ретке келтіреміз деп кепілдік хат берді. «Б» блогын босата алмаймыз, онда жүкті, босанған әйелдер жатыр. Жансақтау бөлімі орналасқан ғимараттың құрылысы аяқталды».

Қазіргі таңда 150 орынға шақталған перзентхананың «Б» блогында 153 әйел жатыр. Құрылысты бұл ғимаратта жалғастыру үшін әйелдерге жабдықталған жайлы орын қажет. Кеңес мүшелерінің пікірі бұл өзекті мәселені шешу қалалық денсаулық сақтау басқармасының құзырында.

Владимир Накисбаев, Шымкент қалалық кәсіпкерлік палатасының кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің мүшесі: «Олар  қаржыны игеріп жатыр деп, тұрғылықты халық азап шекпеуі керек. Егер де бастапқыда барлығы жоспарланып жасалғанда, қазір бұл мәселе туындамайтын еді. Күрделі жөндеуді бастамас бұрын қалалық денсаулық сақтау басқармасы науқастардың қай жерде уақытша болатынын шешіп алуы керек еді».

Сала басшысының кеңес отырысына қатыспағаны мәселенің мән-жайын толық анықтауға мүмкіндік бермеді. Сондықтан да бұл мәселемен енді прокуратура айналысатын болды.

Шынар Оразова