Түркістанда Hazret Sultan Airport-ы өз жұмысын бастады. Яғни, бүгін 1 желтоқсанда әуежай Нұр-Сұлтан — Түркістан бағытындағы алғашқы жолаушыларды қабылдады.
Жауапты өкілдердің сөзінше, киелі шаһардан елордаға аптасына 6 рейс, Алматыға 4 рейс жиілікпен FlyArystan, Scat, Qazaq air әуекомпаниялары әуе рейстерін орындайтын болады. Алдағы уақытта өзгеде ішкі бағыттар ашылса, халықаралық қатыстардан келер жылдың көктемінде Түркия елімен байланыс орнатылады екен.
Сонымен қатар, Түркістан-Мекке әуе рейсін ашу жоспарда бар деп сендірді атқа мінерлер. Ал, әзірге Нұр-Сұлтанға билеттердің құны 6999 теңге, Алматыға 5999 теңгені құрайды. Судай жаңа халықаралық әуежай сағатына 450, ал жылына 3 млн жолаушыға қызмет көрсетуге қауқарлы. Небәрі 10 айда бастан аяқ соғылған әуежайға 68 млрд теңге жұмсалыпты.
Ғалымжан Кенжебек