Түркістан облысында полицейлер 3 дана велосипед ұрлаған күдіктіні ұстады. Жетісай аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын «Stels Navigator» маркалы велосипедінің ұрлағаны жөнінде арызданған.

Жәбірленушінің айтуынша, түнгі уақытта тұрғын-үйінің ауласына белгісіз тұлға заңсыз кіріп, аулада тұрған 47 мың теңгелік велосипедін жымқырып кеткен.

Одан бөлек, арадан 2-3 күн өткенда тағы екі тұрғын шағымданып, аулаларында тұрған велосипедтерін ұрлап кеткенін көрсеткен. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 150 000 теңгеге жуық. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеп, бірден іске кіріседі.

Хабар алысымен оқиға орындарына жеткен полицейлер, 3 бірдей велосипед ұрлаған ұрыны табу жұмыстарын атқарады. Тәртіп сақшылары ұрлық болған және оған жақын аулаларды аралап, куәгерлерден жауап алып, көшеде орнатылған бейнебақылау камераларын тексереді. Осылайша тәртіп сақшылары жинақталған ақпарат көздері арқылы күдікті ер адамды көшеде жүрген жерінен анықтап, ұстады. Ол бұрын сотты болған, жергілікті тұрғын болып шықты. Жетісай АПБ-не жеткізілген ер адам өзінің кінәсін толық мойындады.

Белгілі болғандай, күдікті бұрын ұрлық жасап сотты болғанына қарамастан, қайта қылмыс жасаған. Яғни жеңіл жолмен пайда табу мақсатында, Жетісай қаласының үш тұрғынының ауласына кіріп, білдіртпей велосипедтерді ұрлап кеткен. Содан оларды арзан бағаға сатып, ақшасын өз қажеттілігіне жаратып жіберген. Полицейлер күдікті жас жігіт сатып жіберген велосипедтерді тәркілеп алып, заңды иелеріне қайтарды. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауда.