Жетісайлық шаруалар биыл 79,2 мың гектар суармалы жердің 44 мың гектарына — мақта шитін, 17,1 мың гектар жерге — бақша, 7,5 мың жерге — жүгері, 3,7 мың га жерге — көкөніс, 6,4 мың гектар алқапқа — жоңышқа еккен. Бүгінде ауданда егілген бақша дақылдарының алғашқы өнімі пісіп үлгерген.
Жетісай ауданының тұрғыны Әл-Фараби Күзенбаев бірнеше жылдан бері диқаншылықпен айналысып келеді. Жалпы иелігіндегі 300 гектар жерінің 260 гектарына мақта тұқымын сеуіп, 40 гектарына қауын көшетін еккен. Шаруа қожалық жылдағы әдеті бойынша биыл да өнімін өзгелерден ерте нарыққа шығарып отыр. Қожалық төрағасы иелігіндегі егістігіне қауынның «Нұр-Бакинка» сортын егіп, өнім жинауды бастады. Ақпан айының соңында отырғызылған көшеттер ауа-райының жауын-шашынды болуы салдарынан 80 күнде піскен. Енді сұранысқа сәйкес, Ресей Федерациясының Мәскеу қаласына жөнелтіліп жатыр. Шаруа егістік басынан ешқандай делдалсыз келісін 650 теңгеден сатып жатыр.
«Биыл қауынымыз жылдағыдан сәл кештеу пісті. Аудан әкімдігі тарапынан ағын су каналдарының уақытылы тазалануының нәтижесінде су тапшылығы сезілмеді. Алғашқы өнімдерімізді Ресейге экспорттап, ешқандай делдалсыз өнімді егістік басынан өзіміз көліктерге тиеп, жіберіп жатырмыз» дейді «Әл-Фараби» шаруа қожалығының төрағасы Әл-Фараби Күзенбаев.







