Жетісайда егістікке су жеткізетін каналдың жағасы опырылып, арнасы бірнеше есе кеңейіп кеткен. Салдарынан канал арнасы ауылға жақындап, облыстық маңызы бар көпірге де қауіп төндіруде. Тұрғындар көпір құласа, қатынас тоқтайды, канал бұзылса ағын суды қайдан аламыз деп алаңдайды. Мамандар мәселені мойындап, каналды қалпына келтіру жоспарда барын айтады. Алайда нақты жұмыс қашан басталатыны қазірше белгісіз.
Жетісай ауданында егістік алқаптарға су алып баратын машиналық каналдың екі жағы опырылып барады. 25 метр болған каналдың ені дерлік үш есеге үлкейген. Нәтижесінде, каналдың жағасы ауылға таяған. Ал оның үстінен салынған облыстық маңызы бар жол көпіріне қауіп төнген.
«Жеті қазына мен Жаңа даланың қиылысында мына жерлер опырылып, құлап қалыпты. Тұрғындар абайлаңыздар. Ары-бері өткен кезде мына жерден».
Өкініштісі, каналдың жайылуы көпірді де зақымдап жатыр. Тұрғындардың айтуынша, көпір 40 шақты ауылды бірімен-бірі жалғап тұр. Құлап кетсе қатынас та тоқтайды. Жалпы канал әуелде сорды шаю мақсатында салынған. 15 жыл бұрын мақсаты өзгеріп, машиналық әдіспен су көтеруге көшкен. Мәселе осы кезде басталған. Жылда тазалағанымен, пайдасы болмаған. Қазір су өткізуі де нашарлаған. Ендігі 1700 гектар жерді суғарып, шаруалардың пайдасына жарап тұрғын К-30 каналы да құлауға шақ тұр дейді тұрғындар. Бұл да бұзылса сусыз қаламыз деп алаңдайды шаруалар.
ӘБИНАЗАР АСАНҰЛЫ, ЖЕТІ ҚАЗЫНА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Жеті қазынада мыңнан аса адам тұрады. Ол бізде ғана. Жаңа талап ауылы бар. Зерделі ауылы бар. Ол жақта да әр ауылда 2-3 мыңнан адамдар тұрады. Сонша адам мына каналға байланып отырмыз. Мақта егеміз, диқаншылық қыламыз. Бұл бұзылса тағы сусыз қалатын болып тұрмыз».
Мамандар канал жақтаулары құлап жатқанын жоққа шығармайды. Оған жауын-шашын мен жер асты суларының көтерілуі ықпал ететін көрінеді. Егістік жерлерді сусыз қалдырмау үшін каналды басқа жаққа көшіру жоспарланып жатыр. Ал машиналық каналдың жайы тіптен қиын. Су ресурстары және ирригация министрлігі каналдың 11 шақырымын бетондап, қалпына келтіреміз дейді.
ҰЛАН АЛТЫНКӨПОВ, СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРЛІГІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ: «Бүгінгі күнге жобалық сметалық құжаттары әзірленуде. Мемлекеттік сараптамалық қорытындысы шілде айында алынады деп жоспарлануда. Ал басты су соңғы стансасының сараптамалық қорытындысы қыркүйек айында әзірленеді деп жоспарлануда. Мемлекеттік сараптамалық қорытындысы дайын болғаннан кейін құрылыс монтаждау жұмыстарына бөлінетін қаражаттың көзі айқындалатын болады».
Айта кетейік, Жетісай ауданының шаруалары трансшекаралық Достық каналына тәуелді. Жазда су төмендеген тұста, ағын суды дәл осы машиналық канал арқылы Шардара су қоймасынан алынады.
Дилара Иса






