Úı ANONS «Үй шөгіп, қабырғасы үгітіліп жатыр»

«Үй шөгіп, қабырғасы үгітіліп жатыр»

Жетісайда ондаған көпқабатты үй апатты жағдайға жеткен. Тұрғындар жертөлені су басып, қабырғалар жарылып, іргетасы шөгіп бара жатқанын айтады. Ескірген дренаж, ирригация жүйесі жылдар бойы жөндеу көрмегендіктен, жауын суы үйлерге жиналып, жағдайды одан әрі ушықтырып отыр. Мәселені қала әкімі де мойындайды. Бірақ мәселе қаражатқа тіреліп тұр.

 

Жетісай қаласының тұрғыны Асқар Әбуевтің пәтері құлауға шақ тұр. Үйінің қабырғасы жарылып, үгітіліп жатыр. Пәтері апатты жағдайға жеткен десе болатындай. Себебі жылда үйдің жертөлесі суға толып, қабырғасын зәк басады. Тіпті іргетасы да шөгіп кеткен.

 

АСҚАР ӘБУЕВ, ЖЕТІСАЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «30-50 сантиметрге дейін шөкті. Соның кесірінен едендер көтеріліп, қабырғалар түсіп, қайта-қайта жөндейміз. Қайта-қайта түседі».

 

Бұл тек бір отбасының проблемасы емес. Қаладағы екі қабатты 8 пәтерлі ондаған үйдің жай-күйі. Тұрғындардың сөзінше, қала аумағындағы дренаждар жылдар бойы жөндеу көрмеген. 30 жылдан бері жөндеу көрмеген. Жаңбыр жауса жерасты сулары көтеріліп, үйдің жертөлесі суға толады. Жиналған су жыл бойы көлкіп тұра береді.

 

НҰРБЕК АБДУЛЛАЕВ, ЖЕТІСАЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Төрт жыл болды көшіп келгеніме, төрт жылдан бері осы. Өзіміз қалтамыздан тартқызамыз. Әр моторды алқызғанға 5 мың теңге, бензин құямыз. Тартылады, үш күн-төрт күннен кейін қайтып толады. Бір подьезд тартылғанымен, көп қой үйлер жан жағымызда, ананың суы мынаған өте береді фильтрация болып».

ҰМСЫНАЙ МЫРЗАЕВА, ЖЕТІСАЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Астындағы көлдеген су соншалықты астындағы тышқанымыз бар, тараканымыз бар, масамыз бар барлығы үйге кіріп жатыр. Оның ішінен иіс шыққан кезде мына бірінші этажда отыру мүмкін емес. Кішкентай балаларды масалар талап тастайды».

Онсыз да тозығы жетіп тұрған үйлердің шатырынан да су ағатын болған. Тұрғындар жалғыз баспанасының жайын айтып баспаған жері, қақпаған есігі қалмаған. Бірақ нәтиже болмаған.  Тұрғындардың жай-күйін қала әкімі келіп көрді. Ол да 50-60 жыл болған баспаналардың тозып кеткенін айтады. Шағымның көптігі де содан дейді.

НҰРЛЫБЕК БАХТИЯРОВ, ЖЕТІСАЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ: «Уақыты келе жерге шөгіп жатыр. Немесе жерасты сыздан дуалдар үгітілген жерлер бар. Олардың барлығын біз актілеп, жарамсыз күйге енген жағдайда орнына басқа үй салып, беретін жұмыстарын жүргізіп жатырмыз».

 

Ал дренаждардың жыры бөлек. Мысалы, қалада оның жетеуі бар болғанымен, үшеуі істемейді. Ирригация жүйесі де мәз емес. Ескірген, жауын жауса арықтардың жоқтығынан судың бәрі жертөлеге кіреді.  Дренаждарға да, арыққа да қаржы қажет. Ал қаржының қашан бөлінетіні беймәлім.

Дилара Иса