Úı ANONS Жетісайда қауын пісті

Жетісайда қауын пісті

Жетісайлық диқандар алғашқы қауын өнімін жинап, Мәскеу нарығына экспорттай бастады. Биыл «Нұр-Бакинка» сұрпының өнімі ауа райына байланысты кештеу піскенімен, сұраныс жоғары. Шаруалар өнімді делдалсыз, тікелей егістік басынан сатып жатыр.

 

Жетісайда қауын пісті. Шаруа Әл-Фараби Күзенбаев бірнеше жылдан бері диқаншылықпен айналысады. Биыл260 гектар жерге – мақта,  40 гектар жерге қауын еккен. Ол әдеттегідей биыл да қауынды өзге шаруалардан нарыққа ерте шығарды.

 

Шаруа қауынның «Нұр-Бакинка» сортын еккен. Ақпан айының соңында көшетін отырғызған. Қауынның бұл түрі екі айда пісуі керек. Ауа-райының қолайсыздығынан 80 күнде дайын болған. Дәл қазір абыр-сабыр, піскен қауынды шаруалар жинап жатыр.

 

Қауынға сұраныс Мәскеуден түскен. Баға да жаман емес. Сатып алушылар егістік басынан келісін 650 теңгеден сатып алып жатыр. Жалпы жетісайлық шаруалар биыл  шамамен 80  мың гектар суармалы жердің 14 мың гектарынан астамына қауын еккен.

 

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері Түркістан облысының ауыл шаруашылығы қажеттіліктеріне 1 млрд текше метрден астам су берілген. Оның 293 млн текше метрі Жетісай ауданына тиесілі. Ауданда бақша дақылдарын суаруға 49 млн текше метр су жіберілген.

Дилара Иса