Шымкент: Мәслихат депутаттарына куәлік пен төсбелгі табысталды

332

Шымкенттегі мәслихат депутаттарының 90 пайызы жаңарды. Бүгін жаңа орынға жайғасқан халық қалаулыларына куәлік пен төсбелгі табысталды. Жаңа міндетке ие болған депутаттар саны – 30. Олардың 24-і «Нұр Отан» партиясынан сайланса, 3-уі «Ақ жол», тағы үшеуі «Ауыл» партиясының мүшелері.

Ресми түрде депутат атанғаннан кейін халық қалаулылары мәслихат хатшылысы етіп Бахадыр Нарымбетовты бір ауыздан сайлады. Айта кетейік, дәл бүгін жетінші шақырылымдағы мәслихаттың депутаттары алғашқы сессиясын өткізді. Сессия төрайымы ретінде Дария Қожамжарова жүргізіп отырды.

Жаңа міндетке ие болғандар арасында «Отырар» медиахолдингінің директоры Айгерім Жұмағұлова да бар. Халық қалаулысы бұл жауапкершіліктің жүгі ауыр екенін сезінем дейді. Және елмен жүздесу барысында күрмеулі мәселелермен танысқанын айтады.

Айта кетейік, Шымкент қалалық мәслихатына депутат болғандардың ең кішісі 25 жаста. Төсбелгі алғандар қатарында кәсіпкерлер, медицина қызметкерлері, университет ректорлары, колледж директорлары мен бапкерлер де бар.

     Назерке Үкібасова