«Шымкентте өткен сайлауда заңбұзушылық болған жоқ»

112

«Шымкентте өткен сайлауда заңбұзушылық болған жоқ». Осылай деген қалалық сайлау комиссиясының төрағасы кешегі саяси додада орын алған жағдайларды жеткізді.

Қайырбек Құнанбаевтың сөзінше дауысты жоспар бойынша 617 мың 27 шымкенттік беру керек болған. Алайда, сайлауға олардың 56,5 пайызы қатысқан. Мұның себебін Қ. Құнанбаев карантинмен байланыстырып отыр.

Айта кетейік, берілген дауыстың 8 мыңға жуығы жарамсыз деп танылды. Төраға сөзінше мұндай бюллетендердің көбісінде екі таңдау жасалған. Сонымен алдын ала нәтиже бойынша сайлауда шымкенттіктердің 78,63 пайызы «Нұр Отанға» дауыс бергені белгілі болды.

Қалған 9,6 пайыз «Ақ жол» партиясының еншісінде болса, 9,44 пайыз «Ауыл» партиясының қоржынында. Ал Қазақстанның халық партиясы – 1,3 пайызды, «Адал» партиясы сайлаушылардың 1,03 пайыз дауысын жинапты.

Қайырбек ҚҰНАНБАЕВ, Шымкент қалалық сайлау комиссиясының төрағасы: «Екі күннің ішінде қорытынды шығару керекпіз. Одан кейін 5 күннің ішінде әр саяси партия өздерінің бюросын бізге ұсынғаннан кейін 5 күн ішінде тіркейміз. Тіркегеннен кейін сессия шақырып, сол сессияда оларға төсбелгі мен куәлік береміз».

Алдын ала нәтиже бойынша, Шымкент қалалық мәслихатында «Нұр Отан», «Ақ жол» және «Ауыл» партияларының үміткерлері депутат атанады. Ал, Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауында қазақстандық сайлаушылардың дауыстары бойынша алдын ала нәтижеге сүйенсек, «Нұр Отан», «Ақ жол » және «Қазақстан халық партиясы» белгіленген межеден асыра дауыс жинаған.

Назерке Үкібасова