«Оңтүстікте су тасқыны болуы мүмкін»

148

Министр Мағзұм Мырзағалиевтің сөзінше, алдағы көктемде жауын-шашын көп түседі екен. Таудағы қар еріп, ақыры селге ұласуы мүмкін.

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі: «Наурыз айының синоптикалық болжамына сәйкес ауа-температурасы мен жауын-шашын мөлшері Қазақстанның басым бөілігінде климаттық нормадан жоғары болады. Қар жамылғысының аздығына қарамай алдағы күндері еліміздің оңтүстік, оңтүстік шығысында қатты жауын-шашын күтілуде. Ол өз кезегінде еріген қардың суымен қосылып тасқынға әкелуі мүмкін».

Ал Төтенше жағдай министрі Юрий Ильин бәріне сақадай сай екенін айтады, өйткені бюджеттен 160 млрд. теңге бөлінеді екен. Жақында «Көктем-2021″ іс-шарасын басталмақ.

Бүгінгі үкімет отырысында елдегі тұрғын-үй мәселесі де талқыланды. Шымкент әкімі Мұрат Әйтеновтың сөзінше биыл үшінші мегаполисте 1 млн. шаршы метр үйді пайдалануға беру жоспарланған.

Мұрат ӘЙТЕНОВ, Шымкент қаласының әкімі: «Бюджет қаражаты есебінен 3304 пәтерлі 51 кредиттік және 112 пәтерлі 2 арендалық тұрғын үй салынды. Бұдан бөлек, нарықтан 696 арендалық пәтер сатып алынды. 2021 жылы қала бойынша пайдалануға тапсырылатын тұрғын үйлер ауданын 1 млн шаршы метрге жеткізу жоспарланып отыр».

Қазақстан бойынша 17 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. Осылай деген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов биылғы меже өткен жылдан 2 пайызға артық екенін айтады.

Бейбіт АТАМҚҰЛОВ, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі: «Отбасы банк» жұмысының негізгі қағидаты әсіресе халықтың әлеуметтік осал топтары үшін тұрғынүйдің қолжетімділігін арттыруға бағытталатын болады. «Отбасы банк» базасында тұрғынүймен қамтамасыз ету жөніндегі орталық құрылады. Ол тұрғынүйге мұқтаждарды есепке алуды, сондай-ақ тұрғын үйдің қолжетімділік сатысына сәйкес тұрғын үйді кезекке қою».

Биыл мемлекет 38400 отбасына тұрғын үй беруді жоспарлап отыр. Елімізде үй кезегіне тұрғандар саны жыл сайын 50 мың адамға көбейіп келеді. Бүгінгі таңда 548 мың қазақстандық баспана алу кезегінде тұр.

Назерке Үкібасова