Шымкент бірқатар сала бойынша көш басында

81

Шымкент ел бойынша инвестиция тарту және құрылыс жүргізуден көш бастап тұр. Осылай деген үкімет мүшелері өткен айды қорытындылады. Ведомства өкілдерінің сөзінше экономика жағдайы оңалған. Соңғы айда әсіресе өңдеу өнеркәсібі қарқын алып, машина жасау мен химиялық өнеркәсіп өскен.

Үкімет мүшелері жаңа жылдың бірінші айында атқарылған жұмыстарды қорытындылады. Жауаптылар сөзінше алғашқы айда кен өндіру әлдеқайда әлсіз болған. Есесіне өңдеу өнеркәсібінің өзге түрлері өскен. Атап айтсақ, машина, автокөлік жасау, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдары мен фармацевтика қанат жайған.

Әсет ЕРҒАЛИЕВ, ҚР Ұлттық экономика министрі: «Жалпы алғанда өңдеу өнеркәсібінің өсуі 3 пайызды құрады. 11 өңір өсім көрсетті. Өңдеу өнеркәсібінде жоғары өсімді ШҚО, Қостанай, Ақмола облыстары сондай-ақ, Шымкент қаласы көрсетті. Өндірістің төмендеуі 6 өңірде тіркелді. Олар БҚО, Атырау, Түркістан, Қызылорда, Қарағанды және Павлодар облыстары».

Бұдан бөлек, ведомтсва өкілдері әлеуметтік экономикалық дамуы белсенді өңірлерді де жіктеп берді. Аталған 7 аймақ ішінде Шымкент қаласы да бар. Жалпы үшінші мегаполистің көш бастап тұрған салалары мұнымен бітпейді. Шаһар құрылыс пен инвестиция тартудан да алдына жан салар емес. Қала берді ауыл шаруашылығында да Шымкент алдыңғы шепте тұр екен.

Ерұлан ЖАМАУБАЕВ, ҚР Қаржы министрі: «Игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары келесі орталық мемлекеттік органдарда қалыптасты. Қаржы, цифрлық даму, иновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, төтенше жағдайлар, білім және ғылым, сондай-ақ мәдениет және спорт министрліктері. Игерілмеудің негізгі себептері төлем жайлы құжаттардың ұзақ келісу, орындалған жұмыс актілерін уақытылы ұсынбау».

Ал, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қазақстан жолдарының жоспарын баяндады. Бейбіт Атамқұлов сөзінше биыл 6,5 мың шақырым жол ақылылар қатарына қосылмақ.

Бейбіт АТАМҚҰЛОВ, ҚР ҚР Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрі: «Жыл соңына дейін республикалық маңызы бар автожолдардың 90 пайызын және жергілікті жолдардың 76 пайызын жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткізу жоспарланып отыр. 6,5 мың шақырым ақылы жол енгізіледі. Ұлттық стандартқа сәйкес келетін жол сервисін 66 пайызға жеткізу көзделген».

Ай ішінде мемлекеттік бюджетке 526 млрд. теңге түсіпті. Ал, республика бюджетіне 288 млрд. теңге түскен. Шыққан шығын бұдан екі есе көп. 1 трлн. теңге.

Назерке Үкібасова