Шымкентте қосымша 296 мың шаршы метр үй пайдалануға беру мүмкіндігі туады

108

Бұл туралы Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов баяндады.

2020 жылы Шымкент қаласында 649,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, жоспар 37,1 мың шаршы метрге артығымен орындалды. 2019 жылмен салыстырғанда өсім 124 пайызды құрады.

Бюджет қаражаты есебінен 3 304 пәтерлі 51 кредиттік және 112 пәтерлі 2 арендалық тұрғын үй салынған. Бұдан бөлек, нарықтан 696 арендалық пәтер сатып алынды.
Ал, биыл қала бойынша пайдалануға тапсырылатын тұрғын үйлер ауданын 1 млн. шаршы метрге жеткізу жоспарланып отыр.

Бүгінгі таңда нақты тапсырылатын 744 мың шаршы метр тұрғын үйдің болжамы дайын. Оның ішінде 2 096 пәтерлі 33 кредиттік, 336 пәтерлі 6 арендалық үй.

— Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен әзірленген тұрғын үй құрылысын дамытудың жаңа механизміне сәйкес, жеке құрылысшыларға тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін беру, қажетті инфрақұрылым жүргізу, инвестициялық шығыстардың бір бөлігін өтеп беру және жалға алынған баспананың арендалық төлемін ішінара субсидиялау мәселелері қарастырылып отыр. Аталған қолдау шараларымен тұрғын үй құрылысын жүргізуге жеке құрылысшы компаниялар тарапынан қызығушылық бар. Жаңа механизм арқылы қосымша 256 мың шаршы метр тұрғын үйді тапсыруға мүмкіншілік пайда болады. Жаңа жобаны мамыр айына дейін бекітуге ықпал етуіңізді сұраймыз, — деді шаһар басшысы.

Осылайша арендалық төлемді субсидиялау арқылы Шымкент қаласындағы тұрғын үй кезегінде тұрған 42 мыңнан астам отбасыны баспанамен қамту мәселесін қысқа мерзім ішінде шешуге болатынын мәлімдеді.