«Тұрғындардың барлығының есігінің алдына аялдама орнатып беру мүмкін емес»

139

Қала әкімі тұрғындарды онлайн қабылдады. Мұрат Әйтеновпен қашықтан жүздескен тұрғындардың басым бөлігі жер, қоғамдық көлік және үй кезегі бойынша шағымданды.

Мәселен, Қаратау ауданындағы жұрт жер телім құжаттарын заңдастыра алмай жүргенін айтса, «Бозарықтағы» ағайын қоғамдық көлік тақырыбын қозғады. Сөздерінше автобус бағыттарын қайта жаңарту керек. Бұған әкім өз жауабын берді.

«Бозарық» шағынауданына қатынайтын №171 автобус бағытының қозғалыс сызбасына өзгеріс енгізіліп, «Бозарық-2» шағынауданындағы балабақшаға дейін ұзартылды. Бүгінде №171 автобус балабақшаға дейін тасымалдау қызметін атқарып жатыр. Алдағы уақытта да қоғамдық көлік саласында көптеген өзгерістер болады. Қозғалыс бағыттары барынша оңтайландырады. Шымкент – үлкен мегаполис, халық саны артып, қала аумағы кеңейген. Бір нәрсені түсіну керек, тұрғындардың барлығының есік алдына аялдама орнатып беру мүмкін емес. Шалғай аудандарда автобустар орталық көшелерде жүретін болады» – деді Мұрат Әйтенов.

Сондай-ақ, қала халқы үй кезегінің де шикіліктерін жіктеп берді. Бұл орайда шаһар басшысы бәрінің заң жүзінде орындалатынын, одан ешкімнің аттап өте алмайтынын жеткізді.

Назерке Үкібасова