«Забадам»: Жыл басталғалы бері 7 көлік құлаған бұрылыс

96

«ХХІ ғасырда қалада тұрамыз. Біз арыққа домалап өлеміз. Бәріміз өлгеннен кейін істегенннің не керегі бар? 7-8 жыл болды арызданғанымызға».

Бұл забадамдықтардың жанайқайы…

Әл Фараби ауданына қарасты «Забадам» елдімекенінің тұрғындары тышқан ініндей тар жолға наразы. Айтуларынша, екі көлік қатар келсе, сыймайтын мына бұрылыста жол апаты жиі болады екен. Қар жауып, көктайғақ болса, көліктер соқтығысады. Әйтпесе, тежегішін басқан қалпы құздан құлайтын көрінеді. Қиын бұрылыста көлігі қиыс кетіп, мүгедек болып қалған жандар да бар. Жыл басынан бері 7 көлік жолдан шығып кетіп, сайға домалаған екен.

«5-6 жыл болды, жиналыста үнемі айтамыз. Айтып тұрмын ғой биылдыққа 7 мәшине құлады деп. Әрине, жарақаттанып жатқандар бар. Міне, мына кісі құлап мүгедек болып қалды. Енді адам өлімін күтіп отыр ма?» дейді ашынған жұрт.

Мұндағы жол бойында аяқжол жоқ. Балалар осы бұрылыстан өтіп, мектепке барады.

Бәле бұрылыстың сырына қанық тұрғындар: «жүйткіген көлік балаларымызды қағып кете ме?» деп жанын шүберекке түйіп отырады екен.

Күләш БЕКЖАНОВА, тұрғын: «Балалар өтетін тротуар да жоқ. Қорқамыз жетектеп мектепке апарып келеміз. Сондай ХХІ ғасырда осылай өмір сүріп жатырмыз. Қаланың ішінде тұрып».

Бұл көше бұрын тас жол болған екен. Асфальт төселіп, жол тегістелген соң осындай жағдай басталған. Қыста жолдағы қар жиналмайды екен. Салдарынан жол беті көк мұзға айналады. «Бұрылам» деп, сайға ауып кетуден зәрезап болған тұрғындар жол белгісін орнатып, қоршау қойып, аяқжол салуын талап етеді.

Сернехан МАМЫШҰЛЫ, тұрғын: «Қатты келсін, жай келсін қандай мәшине болсын тежегішті басқанда құзға келіп құлап жатыр. Әр көлікті кранмен шығаруы 50 мың теңге. Ең болмаса мына жолымызды тазалап, бір мәшина келіп құм сеуіп кетсе, ол да жоқ. Бізде қыста болып жатқан жоқ.  2-3 рет қар жауады. Сол кезде құм себетін мәшинені жіберсе. Күніге шанамен құм сеуіп шығамын өзім осы жолдан анау қырдан бермен қарай».

Жолдың жайын айтып жиналған тұрғындарға Әл Фараби ауданы әкімдігінің өкілі келді. «Жағдайды реттеп, жол тазалайтын көлік жүргіземіз», деп отыр. Ал жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшылығы мәселенің шешімі бюджетке тіреліп тұрғанын айтады.

Мадияр БАЙЫМБЕТОВ, Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары: «Зерделеу жұмыстарын жүргіздік енді, былай қарап шықтық. Наурыз айында бюджет бекітіледі. Соған қазір өтінім беріп отырмыз аяқжолдар салу бойынша. Егер сол бюджетте нақтыланатын жағдай болса мұнда балаларға ыңғайлы аяқжол салатын боламыз. Одан бөлек наурыз айында  жол белгілері орнатылатын болады».

Мадияр Байымбетовтың айтуынша, Шымкентте мұндай мәселе көп екен. Барлығын бірден түзету қиын. Сондықтан кезең-кезеңмен шешу үшін 2021-2025 жылдарға арналған жоспар құрылыпты. Ал «Забадам» тұрғындары «наурыз айын күтеміз» деп отыр. Уәде орындалмаса, елордаға шағымданбақ.

Олжас Айдарбек