Шымкентте 8 бала дүниеге алып келген алтын құрсақты ана құрметке бөленді. 36 жастағы Шолпан Молдашеваның 5 ұлы дзюдодан спорт чемпионы. Ұлдарын спортқа баулып жүрген ана 8 наурыз Халықаралық қыз-келіншектер күніне орай Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен іс-шарада марапатқа ие болды.
Бұл — чемпиондар отбасы. 36 жастағы Шолпан Молдашева бүгінде 8 перзент тәрбиелеп отыр. Оның бесеуі спорттың дзюдо түрінен түрлі жарыстарда чемпион атанған. Ұлдарын спортқа баулыған ана қыздарымды болашақта балет мектебіне беремін дейді. Алтын құрсақты ана балаларының бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін барын салатынын жеткізді.
Шолпан МОЛДАШЕВА, көпбалалы ана: «Шынықсаң шымыр боласың» дегендей, «спорт денсаулық кепілі» деген ұстаныммен біз балаларымыздың бәрін спортқа бердік. Әкесінің қадағалауымен, әкесінің қолдауымен балдардың бәрі Құдай қаласа үлкен биік белестерден көрінсе дейміз. Аллаға шүкіршілігімді айтамын. Осы биіктен көрінуін Алладан тілем отырамыз күнде».
Балаларын елге қызмет етуге тәрбиелеп отырған батыр ана 8 наурыз мерекесі қарсаңында марапатқа ие болды. Шолпан Молодашевамен қатар ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұлағатты ұл-қыз тәрбиелеуде қосқан сүбелі үлесі үшін 30 ана құрметке бөленді.
«Қаланың дамуына үлес қосып жүрген жастардың анасын құрметтеу ол біздің міндетіміз». Ұйымдастырушылар осылай дейді. Сондықтан «Аналарды ардақтайық» акциясы аясында мерекені осы марапаттау рәсімінен бастағанын айтады.
Ерлан АЙТБАЕВ, Жастар ресурстық орталығының директоры: «Әрбір баланың жеткен жетістігі ол ананың жетістігі деп есептеуге болады. Сондықтан да бүгін әр саладан алдық. Әр салада жүрген жастар белсенді, былай айтқанда «сүттің бетіндегі қаймақтары ғой». Сол қаймақтарының аналарын бүгін марапаттадық. Енді ананың қуанышында шек жоқ. Өздеріңіз көріп отырғандай. Баласының жеткен жетістігін айтқан кезде аналардың көзіне жас толып қалып жатыр. Демек менің балам осындай жетістікке жетіпті ғой, Құдайға мыңда да бір шүкір деп аналарымыздың көңілі шаттанып отыр».
Елге қызмет етуші ұл-қыздардың өмірге келуіне себепкер болған ақ жаулықты аналарға қандай құрмет көрсетсек те артық етпейді. Сондықтан бұл акция алдағы уақытта да жалғасын табады дейді шара ұйымдастырушылары.
Мөлдір Ибадуллаева