Саналы ұрпақ – жарқын болашақ

238

 

«Саналы ұрпақ» жобасы аясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшылығы білім беру саласында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында жоғарғы оқу орындарының ұжымдарымен кездесуді қолға алды.

Осы ретте Департамент басшысы А.Жұмағали, оның бірінші орынбасары Т.Серікбаев және ақпараттық-ағартушылық штабының жетекшісі С.Мәжінбеков Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогикалық университетінің оқытушы-профессорлық құрамымен кездесті. Жалпы шараға 100-ден астам адам қатысты.

Онлайн шара барысында Департамент басшысы Асхат Жұмағали бүгінгі жиынның басты мақсаты – жемқорлық әрекеттерінің алдын алу екендігін түсіндіріп, жастарды тәрбиелеудегі білім беру орындарының рөліне тоқталды.

Сонымен қатар, А.Жұмағали негізгі басымдықтары сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау, мүдделер қақтығысын реттеу болып табылатын комплаенс-қызметтерін құрудың маңыздылығынан хабардар етті.

Шарада сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс жүйесін құру процесінде ISO 37001 «Парақорлықпен күрес менеджменті жүйесі» халықаралық стандартын енгізу жайы да талқыланды.

Басшының бірінші орынбасары Талғар Серікбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы тетіктерді қалыптастыру бойынша қабылданған жүйелі шаралар жайында айтты. Шараға қатысушыларды пара берушілер де, пара алушылар да қатаң жазаланатын ескертіп, заңбұзушылықтарға жол бермеуге шақырды.
Ақпараттық-ағартушылық штабының жетекшісі Сәкен Мәжінбеков Штабтың атқарған жұмысымен таныстырып, адамның адам болып қалыптасуындағы оқытушылардың рөліне тоқталды.

Университет ректоры Гүлжан Сүгірбаева «Саналы ұрпақ» жобалық кеңсесінің, Парасат мектебінің жұмыстары мен кез-келген құқық бұзушылыққа төзбеушілікті қалыптастыру мақсатында құрылған Кеңестердің қызметі жөнінде баяндады. Сонымен қатар, комплаенс-офицері бекітілгендігінен ақпараттандырып, ашықтықты, әділдік пен парасаттылықты қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстардан хабардар етті.
Шараны қорытындылаған Департамент басшысы Асхат Жұмағали Университет ұжымын Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтап, елге адал қызмет ететін, саналы ұрпақты тәрбиелеуде бірлесе жұмыс жасауға дайын екендіктерін жеткізді.