Әрбір адам бір айда 15 келі азық-түлік тұтынады

119

Елімізде бір айда әрбір ересек азамат 15 келі азық-түлік тұтынады. Статистикаға сүйенсек, ауыл халқымен салыстырғанда қала тұрғындары ет пен сүт өнімдерін жиі пайдаланады екен. Ал шымкенттіктер ел бойынша ет өнімдерін аз қолданатындардың қатарында. Сондай-ақ, Шымкент балық және теңіз өнімдері, жемістер және қант, джем, бал, кондитерлік өнімдерді сатып алу бойынша да соңғы орында екен. 

Еліміздің әр тұрғыны бір айда 15 келі азық-түлік тұтынады. Статистика бойынша, былтыр азық-түлік өнімдерінің қолданылуы біршама өскен екен. Атап айтқанда ет өнімдері 6%, нан және жарма өнімдері – 3%, ал сүт өнімдері 2,3% көп тұтынылған. Ал көкөністердің пайдалануы бір қалыпты дейді мамандар.

Егер статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, ауыл тұрғындарына қарағанда қала халқы жұмыртқаны, жемістерді, сүт және ет өнімдерін, картоп және көкөністерді көп пайдаланады екен.


Огулнабат Багшиева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Күнделікті алатын азығымыз жұмыртқа, ет өнімдері, тауықтың еті, жеміс жидек. Сүт өнімдері мысалы айран 1 пайыздық,  сүзбе қолданамыз».

Ал ауыл тұрғындары нан және кондитерлік өнімдерін, қант, бал, шоколад, жалпы тәттілерді тұтыну бойынша алдыңғы қатарда.

Жадыра Жұмабекқызы,  ауыл келіні, инста-блогер: «Біз күнделікті үйде шекер, бал, қоюлатылған сүт шоколад өнімдерін яғни, тәттілерін көбірек қолданамыз. Себебі балаларымыз сүйіп жейді. Өзім кондитерлік өнімге жақын болғандықтан міндетті түрде күнделікті бір тәтті жасауға тырысамын. Қазір мен кекс жасап жатырмын. Жалпы күнделікті тұтынатын тағамдарымыз 3-4 нан күнделікті желінеді».

Үшінші мегаполис басқа өңірлерге қарағанда қай азық-түлікті аз тұтынады? Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Шымкент балық және теңіз өнімдерін қолдану бойынша ең соңғы қатарда екен. Көрсеткіш бұл өнімді ең көп қолданатын еліміздің Солтүстік аймағымен салыстырғанда шамамен 4 есеге төмен.

Жанар Көпжарова, Ұлттық статистика бюросы Шымкент қалалық департаментінің басқарма басшысы: «Зерттеуге қатысушы ретінде үй шаруашылығы кездейсоқ әдіспен таңдалып алынған. ҚР бойынша барлық өңірлерінен 12 мың адам осы зерттеуге қатысты. Ал Шымкент қаласы бойынша 540 отбасы оның ішінде 1929 адам қатысады.
2020 жылы Шымкент қаласы бойынша бір тұрғынның бір айда пайдаланылған азық-түліктің орташа көлемі нан өнімдері және жарна өнімдер 12,5 кг-ды құрайды. Ет өнімдері және еттің өзі 4,4 кг. Барлық балық және теңіз өнімдер 0,4 кг.
Аз пайдаланылатын азық-түліктің түрі ол балық және теңіз өнімдері. Оның пайызы 0,8 пайызды құрады».


Статистика мамандарының дерегінше, тұрмысы жақсы отбасыларға қарағанда әлеуметтік жағдайы төмендер ет өнімдері мен жемістерді 3,4 есеге, балық және теңіз өнімдерін 4,5 есеге аз тұтынады. Сонымен қатар олардың тамақ рационында сүт өнімдері – 3,1 есеге, ал жұмыртқа – 3 есеге аз.

                                        Мөлдір Ибадуллаева